384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Қожамжаров «Қазақавтожол» басшылары аудиторларға пара беру үшін ақшаны қалай жинағанын айтты

  • 576
  • UPD: 20:47, 08.02.2017

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілмек.

Әсіресе мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысы қатаң бақылауға алынады. Бұл туралы жауапты ведомство басшысы Қайрат Қожамжаров алқалы жиын барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, жазадан ешкім де сытылып кете алмайды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров «Қазақавтожол» мекемесінің басшылары аудиторларға пара беру үшін ақшаны қалай жинағаны жайлы ашық айтып отыр. Атышулы қылмысқа компанияның барлық өңірдегі басшылары қатысқан болып шықты.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Мекеме басшысы бұл ақшаны облыстағы өкілдіктерді басқарып отырған азаматтардан жинап алды. Өңірлерде жол жөндейтін, оның сапасын қадағалайтын кәсіпорындар көп қой. Аудиторлар қорытынды беру үшін қомақты қаражат талап еткендіктен, компания өкілдері осындай заң бұзушылыққа барған.

Қожамжаров өзі басқаратын ведомство қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлықпен күресудің оңайға түспейтінін жасырған жоқ. Себебі, күдіктілер арасында «Бәйтерек» холдингінің топ-менджерлері сынды беделді шенеуніктер ғана емес, халықтың сүйікті әртістері де бар.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Мысалы, Тұңғышбай Жаманқұлов. Ол – бүкіл ел алдында өнер көрсетіп жүрген әртіс. Біз ол кісінің фильмдерін бала кезден сүйсініп қарайтынбыз. Ол кісі ақша жымқырады деп кім ойлаған? Сонымен қатар, Бигелді Ғабдуллинге қатысты іс болды. Оған байланысты тілшілер қауымынан көптеген сұрақ түсті. Бірақ біз оның кінәлі екенін дәлелдедік.

Бірақ Қожамжаров басына іс түскен азаматтардың басым бөлігі мемлекетке қызмет етушілер болғанын жасырмады. Яғни, сотталғандардың 80%-ы шенеуніктер. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықты тоқтату үшін агенттік қатаң шараларды жүзеге асыруы керек. Егер мемлекеттік қызметкер жемқорлыққа барса, сол органның жетекшісін де жазаға тарту қажет деген сөз болды.

Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының орынбасары:

- Мемлекеттік аппаратты 35%-ға қысқарту туралы ұсыныс жасап отырмыз. Үнемделген ақшаны ауыл-аймақтарда жұмыс істеп жатқан «Б» корпусының қызметкерлеріне беру керек. Ол үшін біз әкімшілік шығындарды да оңтайландырамыз.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Мемлекеттік қызметкерлердің сана-сезімін өзгерту керек. Ұжымда бірге еңбек етіп жатқандар жемқорлыққа қатысты қандай да бір оқиғаның куәсі болса, міндетті түрде ведомство басшысына немесе тиісті органға хабар беруі тиіс. Бұл мәселе өзекті болып тұрғандықтан, осындай шешім қабылдауға мәжбүрміз. Сонда қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімі артады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу үшін қоғамдық қолдау да қажет болып тұр. Агенттік өкілдері парақорлыққа куә болғандарды өзінің азаматтық борышын орындап, тиісті ведомствоға хабарласуы керек екенін ескертті. Ал, олар мемлекеттің қорғауында болады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы