387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар «Көксу» зауытынан ақшаларын ала алмай отыр

  • 1255
  • UPD: 20:42, 19.02.2017

Алматы облысындағы қант қызылшасын өсірумен айналысатын 30 шақты ірі шаруашылық «Көксу» қант зауытынан әлі күнге дейін ақшаларын ала алмай отыр.

Кәсіпорын шаруаларға 700 миллион 689 мың теңге қарыз. «Ақпанның ортасы ауып, наурыз таяп қалды. «Біз болсақ, көктемгі егіс жұмыстарына әлі дайын емеспіз. Ол қаржы бізге ауадай қажет», - дейді жетісулық шаруалар.

Ақсу ауданындағы фермерлердің бірі Жақан Қылышбеков өткен жылы 100 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан 3 мың тонна өнім алған. Жиналған тәтті түбірді Талдықорған қаласының іргесіндегі «Көксу» қант зауытына әкеліп өткізді. Кәсіпорын алғашқы транш ретінде шаруаға 7 миллион теңге төлеп беріпті. Қалғанын белгісіз себептермен кешіктіріп жатыр.

Жақан Қылышбеков, қожалық басшысы:

- Біздің әлі 32 млн теңгеміз зауытта тұр. Әлі ала алмай отырмыз. Бізге қазір ол ақша қажет. Өйткені біз техникаларымызды дайындауымыз керек. Көктемгі егіс шаруашылығына жанар-жағармайымызды алуымыз керек. Жұмысшылардың жалақысын төлеуіміз керек.

Мұның үстіне 220 миллион теңгеге несиеге алған техникасын қоссаңыз, шаруаның бекерден-бекер шырылдап жүрмегенін түсінуге болады. Бұл бір ғана Жақанның басындағы жағдай емес. Облыс бойынша қызылшасын аталған қант зауытына өткізіп, ақшасын ала алмай жүрген 30 шаруа қожалығы бар екен. Біз осы мәселе бойынша «Көксу» қант зауыты бақылаушылар кеңесінің төрайымы Галина Баймурзиеваға хабарластық. Ол кісі Алматыда жүргенін айтып, шаруалардың алдындағы қордаланып қалған қарыздары бар екенін растады. «Алаңдауға еш негіз жоқ, біз ол қаржыны ақпан айының аяғына дейін қайтарып береміз», - деді ол. Бұл сөзді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов мырза да растады.

Сексембай Бекішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазіргі күні олар 690 млн-дай қаражат қарыз. Оның 200 миллионын төледі. Әлі 400 млн қалып отыр. Сол 400 миллионды ақпанның аяғына дейін төлеп беруге міндеттеме алып отыр. Олармен күнделікті сөйлесіп отырмыз.

Жетісу өңірінің шаруалары өткен жылы 6 мың гектар жерге қызылша егіп, «Көксу» қант зауытына 241 мың тонна тәтті түбір өткізді. Оның жалпы құны 3 миллиард 416 млн теңге. Соның тең жартысын мемлекет субсидиялап отыр. Бірақ субсидия әр айдың қорытындысы бойынша, өңделген қызылша мен одан өндірілген өнімнің көлеміне қарай төленуде. Дәл қазір 20 мың тоннадай қант өндірілді. Сондықтан қарыздың бәрі толығымен қайтарылады. Сондай-ақ «Ақсу» қант зауытына биыл жаңа инвестор келді. «Ақсу мен Сарқан ауданының шаруалары өсірген қызылшаларын ағымдағы жылы сонда өткізеді», - дейді жергілікті билік басындағылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы