387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі ірі зауыттардың айналасына шағын кәсіпорындар шоғырланбақ

  • 1020
  • UPD: 11:51, 20.02.2017

Ондағы мақсат – импортты отандық өнімдермен алмастыру.

Сонымен бірге жергілікті үлесті арттыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары өңірдегі іскер топпен кездесіп, жобаның тиімді тұстарын түсіндірді.

Жас химик Арман Ниязов өз технологиясымен құрылысқа арналған желім ойлап тапты. Заманауи сапалы материалға бірден сұраныс болды. Кәсіпкер шағын цехта өнімнің бірнеше түрін шығарып отыр. Сылауға, әрлеуге және желімдеуге арналған материалдарды отандық шикізаттан дайындайды.

Арман Ниязов, жеке кәсіпкер:

- Студенттік кезімнен бастап осындай бір өндіріс жасауды ойлайтынмын. Сол енді армандаған мақсатыма жетіп отырмын. Ары қарай осы клиенттер базасын ұлғайтсақ деп күтіп отырмыз. Бізді көбірек таныса деп, көбірек білсе деп, Қазақстанның өндірушілері бар екен.

Цех бір аусымда 10 тонна импорт алмастыратын өнім шығарады. Жас кәсіпкер болашақта өндірісті кеңейтіп, қуаттылығын 2 есеге дейін арттыруды көздейді. Кәсіпкерлер палатасы ұсынған арнайы жобаның көмегімен тұрақты тұтынушылар базасын құруды жоспарлап отыр. Ірі құрылыс компаниялары сырттан тасымалдайтын өнім түрлерін 2 есе арзан бағамен ұсынбақ. Бұл екі жаққа да тиімді.

Елімізде импорттық өнімді нарықтан толықтай ығыстыра алған кәсіпорындар көп емес. Мысалы Астана қаласындағы су құбырларын шығаратын зауыт Ақтөбеде бірнеше ірі жобаға қатысты. Бұрын жергілікті құрылыс компаниялары ыстық пен суыққа төзімді, 70 жылға дейін сыр бермейтін сапалы құбырларды Ресей мен Қытайдан тасымалдайтын еді. Енді астаналық зауыттың өнімін ала бастады.

Абзал Сәдуақасов, құбыр зауытының коммерциялық директоры:

- Біздің құбырларымыз тек қана Қазақстанда емес, экспортқа да шығып жатыр. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясына, Түрікменстанға, Румынияға дейін біздің құбырларымыз тасымалданып жатыр. Құбырдың ерекшелігіол жеңіл, сапасы жағынан мықты.

Бауыржан Дәрқұлов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Негізгі мақсат – импорт алмастыру. Мысалы облысқа келетін цементтің 90%-ға дейін басқа елден келеді. Мысалы сол цементті осы жерден өндіріп, ірі кәсіпорындарға сатуға болады.

Палата мамандары сараптама жүргізіп, өңірге қажетті өнім түрлерін анықтап алмақ.

«Импорттық өнім көлемін мейлінше азайтып, жергілікті тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетеміз», - дейді. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие беру, бюджет қаржысы есебінен инженерлік желілер жүргізу сияқты нақты көмек қарастырылған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы