384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана әуежайында мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасалмаған

  • 448
  • UPD: 20:32, 27.02.2017

Астана әуежайында мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасалмаған.

Бүгін қалалық прокуратура мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері әуе айлағында тексеріс жасап, біраз олқылықтарды анықтады. Мәселен, ғимарат ішінде өзі ашылып-жабылатын есіктер орнатылмаған, есту қабілетінен айырылған адамдармен тілдесетін сурдо-аудармашылар да жоқ. Бұдан бөлек, арбалар да жетіспейді. Бұл - Астана әуежайында жарымжандарға жасалған жағдайдың бірі. Бұдан бөлек, жабық авто тұрақта мүгедектерге арналған тағы 8 орын бар. Ал телефонмен алдын ала тапсырыс берсеңіз, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көліктен қарсы алып, ұшаққа дейін шығарып салатын арнайы мамандар да жұмыс істейді.

Арман Ғарифуллин, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ жолаушыларға қызмет көрсету менеджері:

- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсететін әуежайда 9 адам жұмыс істейді. Осы қызметкерлердің көмегіне жүгіну үшін әдетте мүгедектер ұшақтың ұшуына үш сағат қалғанда тапсырыс береді. Біздің агенттер бұл жарымжандарды көліктен қарсы алып, тіркеуден өткізіп, ұшақтағы орнына дейін отырғызады.

Келісіңіз, бұл жұмыс бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Бірақ, әттеген-айы болмаса. Әуежайда мүгедектерге толыққанды жағдай жасалмаған. Дерек дәйекті болу үшін дәлел келтірейін. Мұнда өзі ашылып-жабылатын есіктер жоқ. Бұл бір. Екіншіден, ұшақ ішінде жүретін арнайы арбалар жетіспейді. Азия паралимпиада ойындарының жеңімпазы, талай тайғақ, тар кешуде таймаған Ардақ Оторбаев осылай деп шағымданды бізге.

Ардақ Оторбаев, «Дос» дамыту орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары:

- Көбінесе осы қызметкерлер өздері келіп қарайды, «а, арбадағы адам екен ғой» дейді де, сосын уақыттары болып жатса, бізге қатардан жүретін арбаны алып келеді. Егер уақыттары болмай жатса, «бізде уақыт жоқ, тезірек түсу керек» деп, көтеріп түсіреді. Ал көтеріп түсірген бізге ыңғайсыз.

Мәселенің тағы да түртіп айтар тұсы бар. Саңырау әрі мылқау адамдармен тілдесу тетіктері қарастырылмаған мұнда. Арнайы байланыс құралдары жоқ, ишарат тілін де ешкім меңгермеген.

Арман Ғарифуллин, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ жолаушыларға қызмет көрсету менеджері

- Наши агенты не проходили специального тренинга. Поэтому жестами не владеют.

«Саңырау азаматтармен қалай тілдесесіз?» деген сұраққа тіркеу үстеліндегілер де жауап бере алмады. Әуе компаниялардың өкілдері ұшы-қиыры жоқ терең ойға батты да қалды. Әуежайға арнайы тексеріспен келген прокурорлар мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері мүгедектердің ұсыныстары елеусіз қалмайды, деп сендірді. Енді ескертулерді ескеріп, олқылықтарды жазға дейін жоймақ. Бастысы, мұнымен әуе айлағының басшылары да келісіп отыр.

Владислав Сергеев, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

- Бүгін айтылған ұсыныстардың дені мүгедектерге жағдай жасауға байланысты. Мәселен, саңырау адамдарға арналған құрылғылар мен ақпараттық тақта орнату, қатараралық арбалардың санын көбейту. Бұл олқылықтарды біз ЭКСПО көрмесіне дейін жоямыз деп ойлаймын.

Ал жарымжандардың бір ғана тілеуі бір. Итке сүйек тастағандай, әдеттегідей арқамыздан қағып кетпесе болғаны, дейді олар.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Зайытхан.

Хабар 24 телеарнасы