384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жібек жолы бойымен жаңа саяхат бағыты ашылады

  • 925
  • UPD: 17:52, 28.02.2017

Тарихи Ұлы Жібек жолы бойымен жаңа саяхат бағыты ашылады.

Ол түбі бір түркітілдес Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан мен қырғыз елінің туристік орталықтарын бір-ақ шарлап шығуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ыстамбұлда өткен халықаралық Түркі академиясының кезекті жиынында мәлім болды. Іске қосылғалы жатқан саяхат бағыты еліміздің қай өңірлерін қамтиды және бір турпакеттің құны қанша?

Бұл түркітілдес елдердің туризм саласындағы ынтымақтастығын арттыру бойынша жұмыс тобының Ыстамбұлда өтіп жатқан оныншы отырысы. Алқалы жиынға халықаралық Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің туризм министрлігінің жетекші мамандары, агенттік өкілдері мен әуе компанияларының жауапты қызметкерлері бас қосты. Отырыста тарихи Жібек жолы бойымен туристік бағыт ашу жай-күйі талқыланды. Енді наурыз айынан бастап Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан мен қырғыз елін қамтитын жаңа бағыт іске қосылады деп жоспарлануда.    

Абзал Сапарбекұлы, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары:

- Ол биыл пилоттық жоба. Шамамен екі жылдан бері талқыланып келе жатыр. Соңғы рет Астанада өткен саммитте мемлекет басшылары бұл жобаға қолдау білдіріп, осы бойынша тиісті жұмыстар атқару жөнінде тапсырма берілген болатын. Жалпы бұл жобаның біздің мүше мемлекеттерге келешекте алып келетін пайдалары өте орасан зор. Қазір, өздеріңізде көріп отырсыздар, мүше мемлекеттердің әрқайсысы өзінің стратегиясын, бағдарламасын, мақсат-мұраттарын бекітіп жатыр.

Түркі кеңесінің жұмыс тобы бекіткен жоспарға сәйкес пилоттық жоба аясында алғашқы туристер Алматыға наурыз айының 18-іне барады. Шетелдік меймандар Шымбұлақ, Көктөбе мен Көлсайда болып, ару Алматының көрікті жерлерін тамашалайды. Ал Әз-Наурыз мейрамын қонақтар ер түріктің бесігі Түркістан қаласында қарсы алмақ. Оның үстіне биыл тарихи шаһар түркі дүниесінің мәдени астанасы болып бекітілгендіктен, ұлыстың ұлы тойына ерекше дайындалып жатыр екен. Сондай-ақ шетелдік туристер қазақ хандығының іргесі қаланған киелі Әулие ата жеріне де арнайы ат басын бұрады.

Гүлмира Ақбердиева, ОҚО Индустрия мен туризмді дамыту орталығының төрайымы:

- Бұл – баламасы жоқ, теңдессіз жоба. Біз 4 мемлекетке саяхаттаймыз, туристер үшін бұл бағыт өте қызықты болатынына сенемін. Оның үстіне жоба шеңберінде біз Қазақстанның көрікті жерлері мен тарихи, мәдени орындарын әлемге танытуға мол мүмкіндік аламыз. Сондықтан алдымыздағы негізгі мақсат шетелдік туристерге еліміздің өңірлерін, Алматы, Шымкент, Таразды көрсетіп, туристік әлеуетімізді жан-жақты насихаттау.

Туристер Жібек жолы бағыты бойымен 4 елді 12 күнде аралап шықпақ.

Алғашқы пилоттық жоба наурызда басталады. Егер ол сәтті өтсе, онда кезекті саяхат мерзімі мамыр айына белгіленді. Ұйымдастырушылар Жібек жолы бойындағы түркі халықтарының тарихы мен бай мәдениетінен сыр шертетін жаңа бағыт туристердің көңілінен шығатына сенімді.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы