386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы туристік кешендердің бірі ұлттық спорт түрлерін дамытпақ

  • 1135
  • UPD: 11:13, 01.03.2017

Батыс Қазақстан облысында ішкі туризмнің дамуына барлық мүмкіндік бар.

Табиғаты әсем, климаты қолайлы, ең бастысы, осы саланы алға бастыруға ынталы кәсіпкерлер бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында туризмді қолдау үшін қаржы бөлу тетіктері қарастырылған. Оны тиімді пайдалануға жасалған қадам ретінде Зеленов ауданының аумағында басталған туристік кешенді айтуға болады.

Құсбегінің қолындағы қыран таулы өлкеде жаралы күйінде табылыпты. Жемтігіне шүйліккен кезде жоғары вольтты электр тогына түскен. «Қанаты қайырылған құсты елге әкеліп, емдеп жаздым. Енді босатып жіберетін ойым бар», - дейді бүркітші Шора Танауов. Ал «Қарлығаш» деп атаған бүркіті болашақта түрлі сайыстарда өңір намысын қорғамақ.

Шора Танауов, құсбегі:

- Біздің мақсатымыз балаларға осыны үйрету ғой. Батыс Қазақстанның атынан ұлттық спортқа қосып отыр ғой. Баулығаннан кейін түлкіге саласың, қоянға енді ірілеу бұл. Бұлтарысы жоқ ондай.

Кешенде келешекте ат спорты да қатар дамымақ. Жеткіншектер атты ерттеуден бастап, бәйгеге шабуға, талаптылары, тіпті, көкпар тартуға да машықтана алады. Сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру мақсатында иппотерапия шарасы да ұдайы ұйымдастырылмақшы.

Шатыр үлгісінде жасалған манежде қысы-жазы жаттығуға мүмкіндік бар. Аумағы – 720 шаршы метр. Болашақта бұл жерде түрлі сайыстар өткізуге болады.

Текті жануарды тізгіндеген Нармағамбет – көкпардан Қазақстан чемпионы. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ол туристік кешен ашылғанда ерекше қуанды. «Өйткені бұл біз секілді атбегілік өнерге ден қйғандар үшін іздгенге сұраған болғаны рас», - дейді споршы.

Нармағамбет Иманғазы, шабандоз:

- Бұл ат – көкпарға таптырмайтын ат. Өте шыдамды қазақы ат сияқты. Мына ері биіктіктен секіретін арнайы ер. Аяғындағысы соққанда ауыртпау үшін. Өзім де атпен айналысамын, осы жұмысты ниетпен істеймін. Аттарды күнде баптап, күнде қарап жүремін.

Ал мына сұлу сәйгүлік Самарадағы спорт мектебінен әкелініпті. Қамбар ата тұқымы келешекте ат спортынан Олимпиада ойындарына қатысатын балаларды жаттықтыруға үлесін қосады.

Айболат Құрымбаев, этномәдени кешен директоры:

- Ішкі туризмді, сонымен қатар велосипедпен, сумен және жаяу және атпен жорыққа шығуды дамытқымыз келеді. Батыс Қазақстан облысының әкімшілігінің қолдауымен қазіргі уақытта біз жеңілдетілген несие алдық. Негізінде біз өзіміздің қаржымызбен бастадық, бірақ кейін бір жылдан соң несие алып, соны қазір игеріп жатырмыз.

Кешен өңірдегі табиғаты әсем жерде, өзен жағалауында салынып жатыр. Бұл жер саятшылық құруға да таптырмас мекен. Құрылысы біткенде тағы да жылқылар әкелінеді. Келешекте осы жерде этноауыл бой көтереді. Облыстың көрікті жерлеріне жетуді жеңілдететін ландшафттық карта жасақтау да жоспардағы іс.

Авторлары: Талғат Сеікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы