384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Балам-ай» орталығы мүмкіндігі шектеулі 100-ге жуық балаға жәрдем беріп отыр

  • 496
  • UPD: 14:19, 03.03.2017
«Балам-ай» орталығы мүмкіндігі шектеулі 100-ге жуық балаға жәрдем беріп отыр

Астанадағы «Балам-ай» орталығы мүмкіндігі шектеулі 100-ге жуық балаға жәрдем беріп отыр. Бұл мекемеде жасөспірімдерге білікті дәрігерлер қызметін тегін көрсетеді.

«Балам-ай» орталығы тәрбиеленушілерінің әр күні осылай басталады. Олар шеңберге тұрып, бірге ән орындайды. Бір-біріне алғыс айтуды да ұмытпайды. Кейін әрқайсысы өзін қызықтыратын іспен айналысуға кіріседі. Бірі сабаққа ден қойса, өзгелері көкөніс өсіріп, бөдене шаруашылығын қолға алған.

Нұрдина Қартай:

- 1 жыл келіп жүрмін мына жерге, ұнайды маған. Күшті, достарым бар. Мына жерде билейміз, жинаймыз. Апайға көмектесемін. Жазамын. 2 минута. Мынаны өзім жасадым.

Алайда, 7 жыл бұрын мұндағы көрініс мүлде басқаша болды. Мүмкіндігі шектеулі балалар бір-біріне үйренісіп, жат жерге бауыр басуы оңай соқпады. Әйтседе дәрігерлердің көмегімен бұл қиындық артта қалды.

Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының жетекшісі:

- Басында ата-аналар өз балаларын тек екі сағатқа ғана алып келетін. Кейін өздері тәулік бойы жұмыс істейтін орталық ашуды ұсынды. Басында бізге күмәнмен қарады. Кейін әрине, сенім білдіре бастады. Балалар тек қарым-қатынас орнатуды ғана емес, еңбек етуді үйренді. Ал, олардың аналары жұмысқа шығуға мүмкіндік алды.

Орталықты басқарып отырған Әсел Есмағанбетова ерекше балалармен жұмыс істеуге еш қиналмайды. Керісінше, оларды жақын тартып, қажетті дүниемен қамтамасыз етуге тырысады. Ол үшін орталық әлеуметтік әріптестік бағдарламасына қатысады.

Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының жетекшісі:

- Мемлекет тарапынан қолдау беріліп жатқандығына ризамын. Әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасының ашылуы біз үшін үлкен көмек болды. Ата-аналарымызға да алғыс айтқым келеді. Олардың қолдауынсыз бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін болмас еді.

Қазір Әселдің жетекшілігінде осындай 3 орталық бар. Енді ол игі істі әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Болашақта тұрғын үйлері, спорт залы мен жылыжайы бар үлкен кешен салу жоспарланған.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ерлан Наурызбаев.

Хабар 24 телеарнасы