389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Саржал қымызының құрамында радиация жоқ

  • 689
  • UPD: 19:48, 12.03.2017

Атақты Саржал қымызын бірнеше жылдан бері жан-жақты зерттеген Ұлттық ядролық орталық мамандары сусынның құрамында радиация жоқ деген шешімге келді.

Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко мәлімдеді.

Саржал ауылы – бұрынғы Семей сынақ алаңының іргесінде орналасып, ядролық жарылыстардан ең қатты зардап шеккен елді мекен.

Ер қанаты саналатын жылқыны қазақ тарихынан бөліп алу мүмкін емес. Тайбурыл, Құлагер, Керқұла сияқты сәйгүліктер соған дәлел. Ал қазақты 40 жыл қан қақсатқан ядролық сынақтарға қарсы жылқының қасиеті жөнінде әңгіме тіпті бөлек.

Саржалдағы 400-ге жуық түтіннің әрқайсысында жылқы бар. Таңсәріден тұрып бие сауу ежелден келе жатқан дәстүр бұл ауылда. Қымызды бабына келтіру де оңай шаруа емес, ол үшін сабыр мен жігер керек. Бүгінде ел-жұрттың саржалдық сусынды шартараптан іздеп келетіні сондықтан. «Кеңестік дәуір тұсында да саумал мен қымыз дастарханнан үзілген жоқ», - дейді тұрғындар. 

Серікбай Ыбырай, Саржал ауылының тұрғыны:

- 1963 жылы сутегі бомбасын аспаннан таза жерге ашық жарған жер осы жерден 20-ақ шақырым жерде. Бұрын естімеген кісі таңғалатын шығар, 20 шақырым жерде халық қалай тұрып жатыр деп. Халық тұрып жатыр. Соны көзімен көрген қариялар да бар осы күнде. Осының бәрінің зардабын жеңіп отырған жылқы малының қасиеті, осының дәмі, қымыз деп есептейміз.

Жалпы, Абай ауданында 40 мың жылқы бар. Соның төрттен біріне жуығы Саржал ауылына тиесілі. Мамандар бірнеше жылдан бері осы өңірдің суы мен топырағын, жан-жануарларын зерттеп келеді.

Сергей Лукашенко, ҚР ҰЯО Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының жетекшісі:

- Саржал қымызы туралы айтар болсақ, біздің ұзақ жылдар бойы жасаған зерттеулер оның құрамында ешқандай радионуклидтер жоқ екенін көрсетті. Қорқынышты ештеңе жоқ. Біз өзіміз де сол ауылдан қымыз алдырып ішіп отырамыз.

Ғалымдар қымызбен қатар жылқының етінде де ешқандай радиация жоқ екенін айтады. Семей сынақ алаңында 40 жыл жасалған 450-ден астам ядролық жарылыстың жалпы заряды Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе артық!

Қымыздың жүйке, жүрек-қан тамырлары, ас қорыту жүйелері мен обыр, құрт ауруына қарсы керемет қасиеттерін әйгілі академик Төрегелді Шарманов та айтудай-ақ айтып келеді. Барымызды бағалай алсақ, қане!

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы