366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық төрт жасар сәби көмекке мұқтаж

  • 693
  • UPD: 11:10, 16.03.2017

Төрт жасар Нұркен Дәулет көмекке мұқтаж. Бала жүре алмайды, сөйлеуге де шамасы жоқ.

Дәрігерлер мүгедекке бас миының кішіреюі деген диагноз қойып отыр. Ата-анасы тек шетелде жасалатын емге ғана үміттенеді. Бірақ ол үшін 80 мың доллар қажет. Күлкісін тыйып, қабағын түйіп отырған - 4 жасар Нұркен. Сөйлемейді, көрмейді не орнынан тұра алмайды. Туғаннан бас миының микроцефалиясы деген аурумен аурады. Дәрігерлердің қойған диагнозы анасы Ардақтың маңдайына тоқпақпен ұрғандай жайсыз тиді.

Ардақ Жаппарова, Нұркен Дәулеттің анасы:

- Басында ауырғанда, 13 күн комада жатты. Дәрігерлер бұл баланы аман қалмайды деп те айтты. Бірақ білмеймін комадан шыққан соң, осындай жағдайға тап болдық. Толық емделіп кетеді деп айтпайды.

Ардақтың күнделікті өмірі осы. Кемтар баласының құрысып қалған аяқ-қолын уқалайды. «Міне, міне жүріп кетер» деген үміт бар ғой бейшараның. Бүлдіршін де осыны сезгендей, шешесіне ерекше еркелейді. Көрер таңды көзімен атқызып, ата-анасы күнде уайымдайды баласын. Көгілдір экраннан мынадай әзілдер көріп, өздерін алдаумен жүр. Мүгедектің аз да болса, сауығып кетуіне қазір 80 мың еуро қажет.

Қуаныш Қошаев, Нұркен Дәулеттің әкесі:

- «Дар» деген қайырымдылық қорына баланың документтерін жібергенмін. Сол кісілер Түркияға жолға жинап жатыр. Негізі олар мұндай балаларға көмектеспейді екен. Өйткені олар көпбалалы отбасыларға, жетім үйінің тәрбиеленушілеріне көмектеседі екен. Біздің баланы көріп, өздері көмектесейік деп, қол созды.

Бірақ қайырымдылық қордың да қолы қысқа. Нұркен туралы ақпаратты ресми сайттың басты бетіне орналастырғанмен, бүгінгі күні небәрі 612 еуро жиналыпты. Ал мынау Айжан мен Жанардың ұйымдастырған сән көрсетілімі. Бойжеткендердің көздегені пайда табу емес. Қайырымдылық шарасын өткізіп, мұқтаж жанға көмек қолын созу. Жиналғандардың қарасы аз болған жоқ. Алғыр жігіттер мен ару қыздар. Барлығы бұл жерге бір ғана мақсатпен келді.

Жанар Саржанова, сәнгер:

- Бүгінгі біздің мақсат – Шәкежанова Ақботаға ақша жинау. Кішкентай қыз бала 7 жаста. Қазір емделмейтін аурумен аурады. Ұтыс ойыны болады. Одан жиналатын ақшаның барлығын Ақботаның анасына жібереміз.

Бұл кеште жеті жасар қыздың еміне 215 мың теңге жиналды. Көп емес, әрине. Бірақ, орамал тонға жарамаса да, жолға жарай береді емес пе. 50 мың доллар аудардым деп, мақтанып отырған мына келіншек алаяқ болып шықты. Өткен аптада ғана арнамыздың тілшілері тәртіп сақшылармен бірге қой терісін жамылған қасқырды әшкере қылды. Меруерт Меңдібаева өзін қайырымдылық қордың президентімін деп таныстырып, халықтан ақша жинаған. Дәл сол аптада белгілі тележүргізуші Аружан Саин да алаяқтардың айла-әдістері туралы әлеуметтік желіде ескертті. Продюсер басқаратын қайырымдылық қордың атын жамылып, Алматының көшелерінде екі жас жігіттің ақша жинап жүрген фактісі тіркелді.

Рустам Ибрагимов, «Дар» қоғамдық қорының әлеуметтік жобалар үйлестірушісі:

- Егер алаяқтардың құрығына түссеңіздер, әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жариялау керек деп санаймын. Сіз ілінген ілмектен басқа адамдарды сақтап қалу қажет.

Қайырымдылық жасаудың да қиындығы көп. Біреудің бас қайғысына біреу басын ауырта бермейді. Бірақ, осындай деректердің көп тіркелуі қынжылтады. Ал, Қуаныш пен Ардақ болса, асы батпай, түнде жатпай жүр. Ана жүрегі жылт еткен үмітке елеңдейді.

Қуаныш Қошаев, Нұркен Дәулеттің әкесі:

- Уақыт өте көкөністей болып кетеді. Күн сайын бұның мүмкіндіктері азайып жатыр әрі қарай қалыптасуына.

Ардақ Жаппарова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Сіздердің телеарналарыңыз арқылы жаны жомарт адамдардан көмек сұраймыз, жалғыз өзіміздің шамамыз жетпейді баланы қаратуға.

Қол ұшын созамын деушілер болса, экранда көрсетілген есепшотқа ақша аударуға, я болмаса телефон нөміріне хабарласуға болады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Әліби-Ерел Жүніс және Абылай Сейілбеков.

Хабар 24 телеарнасы