386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуден өтеді

  • 592
  • UPD: 22:20, 17.03.2017
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуден өтеді Фото: КазМунайГаз

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жоспарлы түрде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты биылдың 20 наурызынан бастап 1 мамырға дейінгі аралықта жұмысын уақытша тоқтатады.

Бұл туралы біздің арна тілшілеріне зауыттың баспасөз орталығынан хабарлады. Күрделі жөндеу жұмыстары кәсіпорынның өндірістік іс-әрекеттерін жақсартып, зауыттың бұдан ары да сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жабдықтың қауіпсіздігін және сенімділігін, беріктігін арттыруға бағытталған. Жөндеу жұмыстарына байланысты кәсіпорындағы резервуарлар тауарлық өнімнің қажетті көлемімен толығымен толтырылған. Еліміздегі ең ірі мұнай өңдеуші кәсіпорындардың бірі ретінде зауыт 2011 жылы Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген болатын. Зауыттағы тың жоба толық аяқталған кезде шикі мұнайды өңдеу көрсеткіші 90 пайызға жетеді және отандық өнім «Еуро-4», «Еуро-5» стандарттарына жауап беретін болады. Зауыт сонда жылына 6 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға қол жеткізеді. Одан бөлек мұнайдың құрамындағы шикізаттарды бөліп алу процесі жетіледі. Осындай жұмыстардың арқасында мұнай өңдеу көлемі ұлғаяды. Үстіміздегі жылы мөлдір мұнай өнімдерін нүктелік құю қондырғысын қолданысқа енгізу жоспарлануда, бұл моторлы отындарды теміржол цистерналарына құю кезінде олардың булануын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша көмірсутек буларының қоршаған ортаға шығарылуы азайып, экологияны жақсартуға үлес қосылатын болады.

Авторы: Қ.Жүнісбеков

 

 

Хабар 24 телеарнасы