385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасы көрерменіне бірнеше тосын сый әзірлеп отыр

  • 1049
  • UPD: 11:15, 21.03.2017

Әрдайым жаңашылдығымен алда жүретін «Хабар» агенттігі көрерменіне бірнеше тосын сый әзірлеп отыр.

Солардың бірі – шытырман оқиғаға толы мюзикл жанрындағы «Шайхана мен тойхана» және «Наурыз думан» бағдарламалары. Телеарна көрермендері құлақ құрышын қандырар әндер естіп, мың бұралған билерді тамашалай алады. Бұл жобаларда әзіл, қалжыңда молынан. Миллиондап несие алып, даңғарадай тойхана салған Қалдыбай мен шайханашы Хайрулла арасындағы бәсеке. Бұл – Шымкентте түсірілген жобаның идеясы. Оқиға желісі бойынша тойхана мен шайхана иелері тұтынушы үшін таласып, тіпті бір-бірінің қазанына уыстап тұз салып, аяқтан шалмақ та болады. Соңында бұл екеуі Құдай қосқан құда атанады. Бағдарлама 9 күн бойы түсірілген.

Ысқақ Егембердиев, жоба авторы:

- Көктемнің барлық белгілері Шымкентке ерте келеді, біріншіден. Қазақстанның ең қымбат өлкесін, дәстүрін дәріптеуде алдыңғы шепте тұрған осы өңір. Біздің осыған дейін жасаған жобаларымыздың, яғни Наурызға арналған бағдарламаның ішіндегі ең күрделісі, ең сүйіктісі осы деп айтуға болады.

Ал «Наурыз думан» арнайы жобасында сіз бен біз білетін ертегілер кейіпкерлері қазіргі заманның тың жаңалықтарымен танысып, әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына айналады.

Нұрлан Әмір, әнші, актер:

«Ертегілер кейіпкерлері әлеуметтік желіде» деген кішігірім қойылым болады. Сол қойылымның ішінде мен алғаш рет байдың рөлін ойнаймын. Шықбермес Шығайбай деген. Қалай сомдағанын білмеймін ғой. Бірақ наурыздың 22-сі күні «Хабар» арнасын қоссаңыздар, тамашалайсыздар, көресіздер.

Мұнда әсем ән мен би де, әдемі қалжың да, уытты әзіл де бар. Бастысы - ұлыстардың арасындағы татулық пен ұлық мерекедегі елдің ауыз бірлігі дәріптелген.

Әсел Тұрсынғазина, жоба продюсері:

- Бұл жерде біз бұрын-соңды эфирге шықпаған, елдің түкпір-түкпіріндегі ерекше кейіпкерлерді, қонақтарды іздеп табуға тырыстық. Соның бірі – сонау Шығыс Қазақстан облысында үлкен атамыз 35 мың асық жинаған. Сол асықтарымен ертең біздің студияға келеді.

Таңдаулы әртістер мен үздік шығармашылық топ әзірлеген жобалар көптің көңілінен шығады деп сеніп отыр авторлар. Қос бағдарлама наурыздың 22-сі және 23-і күндері көрерменге жол тартады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қанат Жүнісбек және Ж.Битабаров.

Хабар 24 телеарнасы