384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік жұрты Наурыз мерекесін жоғары деңгейде тойлап жатыр

  • 976
  • UPD: 15:52, 21.03.2017

Түбі бір түркі жұрты Наурыз мерекесін биыл Түркістанда тойлап жатыр.

Өйткені ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен «Көне қала –түркі әлемінің мәдени астанасы» деп белгіленген болатын. Осыған орай айтулы шараны атап өту әз Наурыз мерекесінен басталды. Жыл басын қарсы алуға түркі тілдес елдерден мыңға жуық қонақ келіпті. Ал ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі дүниесіне еңбек сіңірген бір топ қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне халықаралық «Баспасөз сыйлығын» тапсырды. Олардың қатарында «Хабар 24» телеарнасы да бар.

Қанат Жүнісбеков (Twitter@Kanat_shim), тілші:

- Бірлігі бекем оңтүстік жұрты жыл басы Наурыз мерекесін ерекше атап өтіп жатыр. Көне шаһардағы Яссауи кесенесінің маңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, этноауыл бой көтерген. Ол жерлерде ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Түркістанға арысы Түркия, берісі қойы қоралас, ауылы аралас көршілес елдерден мыңға жуық қонақ келді. Осылайша, 1500 жылдан астам тарихы бар көне шаһар түркітілдес халықтардың басын тағы бір қосты.

Рухани астанадағы Наурыз мерекесі Яссауи бабамыздың басына тәу етуден басталды. Келушілерге кесененің ерекшелігі мен осында жерленген хандар мен билердің, жалпы қазақ халқының бай тарихы дәріптелді. Думан Есімхан алаңында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты салтанатты шарамен басталды. Жарау атқа мінген алпыс жігіт түркітілдес елдердің туын тұғырға алып шықты. Бұл күн, күн мен түннің теңеліп, жаңа жылдың бастауы саналады. Сахналық көріністе осының барлығы бейнеленді. Әсіресе, қыстаудан жайлауды бетке алған «Наурыз көш» керуеннің Ұлы жібек жолы бойындағы көне қалаға келіп қазық қағуы әсерлі болды. 30 түйе мен 50 ат, 7 арба жегілген көшке 300-ге жуық әртіс қатысып, өнерлерін ортаға салды .Араларында түркиялық өнер ұжымдары да бар. Ақшаңқан киіз үй тігілген этноауылда әжелер мен қазақы киім киген қыз-келіншектер қонақтарға наурыз көже ұсынды. Мерекені тамашалауға келген өзге елдің азаматтары тарихпен етене танысып, өзін ерте замандағы қазақтың ауылында жүргендей сезінді.

Әз Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне өңірдегі этномәдени орталық өкілдері да барынша атсалысып жатыр.

«Көне қала – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне орайластырылған бағдарлама қара күзге дейін жалғасады. Осы аралықта 50-ден астам түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Шеттен келген азаматтарға Шымкенттен бастап Сауранға дейін жолай көне қалалар мен тарихи орындар таныстырылады. Ал ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Наурыз мерекесіне арналған думан кеште еліміздің өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, отшашу шашылады. Ұлттық ат спорты ойындары да бар. 

Хабар 24 телеарнасы