384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының диқандары дабыл қағып жатыр

  • 801
  • UPD: 21:40, 31.03.2017

Қарағанды диқандарына арзан жанар-жағармайды алу үшін енді облыс орталығына баруға тура келеді.

Бұл әсіресе 200-300 шақырым қашықтықта орналасқан шалғай ауылдардың шаруаларына қиын болып тұр. Оның үстіне әр фермер өзіне тиесілі жанармайды бірден емес, 3 айға бөліп алуы керек. Яғни, тонналаған отынды қоймада сақтауға тура келеді. Бұл да фермерлер үшін артық шығын. Ашынған диқандар базыналарын айтып талай табалдырықты тоздырыпты, бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

Өткен жылы миллион тонна астық жинап, рекорд жасаған Қарағанды диқандары биылғы науқанда бірқатар қиыншылықтарға тап келіп отыр. Айталық, енді оларға арзан жанар-жағармайды сатып алу үшін ат терлетіп, сонау Қарағандыға баруға тура келеді. Ал бұған дейін бұл отын әр ауданның өзінде үлестірілетін. Әсіресе шалғай ауылдың шаруалары шығынға батты. Оның үстіне осы жылдан бастап әр фермер өзіне қажетті жанар-жағармайды 3 айға бөліп алуы тиіс. Яғни, 9 тонна қажет болса, оның үш тоннасын наурызда, қалғанын тиісінше, сәуір мен мамырда жеткізіп алуы керек. Бұл Оңтүстік өңірдің бағбандары үшін тиімді әрине. Ал 6 ай қысы бар Арқа жерінде егіс науқаны тек мамырда басталатынын ескерсек, тонналаған отынды қоймада сақтауға тура келеді.

Дәурен Өмірқұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мен мысалы наурыз айында жанармайды осында сатып алып келсем, өз ауылыма апара алмасам, басқа жерге барып, оны сәуір айына дейін сақтау керек қой. Ол үшін мен аренда ақшасын төлеуім керек. Бірақ содан соң солярканың құны өсіп кетеді. Одан да маған кәдімгі жанармай құю бекетінен алған арзан болады.

Көктемгі науқан басталмай жатып, көлденең кедергілерге тап болғандардың бірі - Ерлан Оспанов. Оның егіншілікпен айналысқанына небәрі екі жыл ғана болыпты. 600 гектар алқапқа дәнді дақылды сіңіру үшін оған 12 тонна жанар-жағармай қажет. Бірақ соны алудың өзі мұң болып тұр, қағаз жұмыстары қажытып жіберді, - дейді қожалық жетекшісі.

Ерлан Оспанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жанар-жағармай жеткізетін оператормен сөйлестім. Олардың бас кеңсесі Алматыда екен. Қарағандыда не филиалы, не өкілдері жоқ. Келісімшартты электронды түрде жасау керек, ақшаны да банк арқылы аудару қажет. Ал біздегі жеке есепшоты жоқ шағын шаруалар ақшасын кассаға төлеп, 300-400 литр жанар-жағармайды қолма-қол сатып алуға дағдыланған. Енді бұл да үлкен мәселеге айналып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы күрмеуі қиын мәселені шешуге күш салып жатқанын айтады. Министрлікке де хат жолдапты.

Юржан Бекқожин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Былтыр мынау жанармай тасыған адамдар мүмкін осы жақтан берген күнде де 1-2 теңгесін түсіріп бере салатын. Мүмкін солай жасаймыз, мүмкін апарып бере ма? Оны біз келісе жатамыз.

Егер мәселе жуық арада шешілмесе, шаруалар әр литрі 123 теңгеден берілетін жеңілдетілген жанар-жағармайды алудан бас тартпақшы. Алыстан тасығаннан гөрі, ауылдағы жанар-жағармай бекетінен 130 теңгеге сатып алған әлдеқайда тиімді, - дейді олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы