386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте Еуро-5 бензині өндіріледі

  • 482
  • UPD: 11:15, 04.04.2017

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты шілдеден бастап жоғары октанды бензин өндіруді бастайды.

Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке еліміздегі Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының аясында қол жеткізіп отыр. Құрылыс жұмыстарына әлемдік жетекші компаниялардың заманауи технологиялары қолданылған. Жаңғырту жұмыстарының негізінде зауыт жылына 4 мың тонна күкірт шығарады. Мұнай өнімдерін саңлаусыз құю кешені де аяқталды. Нәтижесінде жанармай мен дизель отынының сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сәйкестендірілді. Ал екінші кезеңде мұнайдың құрамындағы шикізаттарды бөліп алу процесін жетілдіру үшін техникалық-инновациялық тың жобалар енгізіледі. Нәтижесінде өңделетін мұнай көлемі ұлғаяды. Жоба толық жүзеге асқан кезде еліміздегі мұнай өңдеу зауыты әлемдік талаптарға толық жауап беретін жоғары технологиялы ірі өндіріс орнына айналатын болады.

Талғат Мақұлов, Шымкент мұнай зауыты жаңғырту департаменті басшысының орынбасары:

- Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған кезде біз Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келетін Еуро-4, Еуро-5 санатындағы отандық өнім шығара аламыз. Нәтижесінде зауытта жоғары октанды бензиндер шығару жылына 460 мың тоннаға, дизель отынын өндіру 226 мың тоннаға ұлғайды. Қосымша 27 мың тонна авиаотын өндіреміз. Ал АИ-80 маркалы бензин Қазақстанның ішкі нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін шығарылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы