EXPO көрмесінің қауіпсіздігін қызметтік иттер бақылайтын болады

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады.

Әуежай мен вокзалдар және көрмелер өтетін нысандардағы бақылау-өткізу бекеттерінде мамандармен бірге иттер де қызмет атқарады. Қазір еліміздің әр аймағындағы әскери бөлімдердің ең таңдаулы кинологтары мен қызметтік иттері іріктеліп, айтулы халықаралық іс-шараға дайындықты бастады.

Ұлттық ұланның кинология қызметі «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне тыңғылықты дайындалып жатыр. Қазір орталық мамандары 30-дан астам итті арнайы мақсатта жаттықтырып жатыр.

Мұнда иттің төрт түрі бар. Неміс пен бельгиялық овчаркадан бөлек лабрадор және ротвейлер тұқымдас күшіктер үш айлығынан бастап арнайы қызметтің жұмысына машықтана бастайды. Әр иттің күшік кезінен баптайтын өз иесі бар. Хайуандардың мінез-құлқы да әртүрлі, сондықтан олардың атқаратын қызметі де бөлек.

Насиболат Қуаныш, кинолог:

- Олардың негізгі мақсаты келе жатқан «ЭКСПО-2017» көрмеге, сондағы бақылау бекеттерінде және көліктерді, ондағы жүктерді тексертуге және де адамдарды тексеруге, жарылғыш заттарды іздеуге, инженерлік және артериялық қолдан жасалған жарылғыш заттарды іздестіруге бағытталады.

Кинологтар қызметтік иттерді ойын тәсілімен үйретеді. Мінез-құлқына байланысты біреуі допты жақсы көрсе, бірі өзге ойыншықтарды ұнатады. Иесінің бұйрығын бұлжытпай орындайтын иттердің санасында күшік кезінен ойнаған заты жатталып қалады. Сол арқылы оларды есірткінің иісін сезіп, жарылғыш заттарды табуға тәрбиелейді. Доппен ойнауға құмар иттер жарылғыш заттарды табуға бейімді келеді. Ал қабаған иттер із кесуге, қылмыскерлерді ұстауға икемді болады.

«Ит – адамның досы» деп қазақ бекер айтпаған. Қазіргі кезде де адам мен иттің өмірі бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Мысалы, бұл – Австрия костюмі. Яғни сол елден арнайы алынған. Осы костюм арқылы осы жердегі мамандар итті қылмыскерді ұстауға дайындайды.

Герда деген ит жақында ғана кинологтар арасындағы Қазақстан біріншілігінде ел чемпионы атанған, яғни өз ісінің нағыз маманы десек болады.

Герда атты ит бес жылдан бері қызметте жүр. Иесі Айдын Қадырбекұлымен еліміздің бірнеше аймағында тәжірибеден өткен ол иіс арқылы қылмыстың ізін суытпай ашып, бұзақыны ұстауға машықтанған. Герда иесінің қимыл арқылы ымдап берген бұйрығын да түсініп, тапсырманы мүлтіксіз орындайды.

Тәңірберген Қырғызбаев, Кинология қызметінің басшысы:

- Бізде іздестіру жағынан, есірткі іздестіру, мина-жарылғыш іздестіру жағынан үш түрлі қызмет бар. Мына есірткіге дайындау, мина іздестіру жағынан итті тәрбиелеу үшін нағыз маман керек. Біздің мамандар Австрияға барып, оқып келді. Алған тәжірибесін өзіміздің мамандармен бөлісіп жатыр.

Қызметтік иттердің ғұмыры сегіз жылға дейін созылады. Арасында 12 жылға дейін де өз жұмысын мүлтіксіз орындайтындар кездеседі.

Авторлары: Қанат Базылхан, Бақтияр Рзаев