385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі жедел жәрдем стансасы үшін 13 көлік алынады

  • 475
  • UPD: 20:27, 08.04.2017

Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы жүйеленіп келеді.

Өткен жылы аудандық ауруханалар 100 санитарлық көлікпен толықса, биыл Өскемендегі жедел жәрдем стансасына 13 жаңа көлік алу көзделіп отыр. Игі жоспар халыққа заманауи үлгідегі медициналық жәрдем көрсетуге бағытталды. Жалпы денсаулық сақтау саласына облыстық бюджеттен 800 млн теңге қарастырылған.

Өскемендегі жедел жәрдем қызметінің жұмысы бүгін де қауырт. Диспетчерлер тынымсыз қоңырау қабылдап, бригадаларды науқастарға аттандырып жатыр. Күніне ең кемі 500 адамға жедел көмек көрсетіледі. Медициналық мекеме кәсіби мамандармен толыққан, автоматтандырылған жүйе, ең бастысы, науқасқа деген жанашырлық бар. Дегенмен, кедергілер де кездесіп тұрады.

Райгүл Перубаева, диспетчерлік қызметтің аға дәрігері:

- Тәулігіне бізге 500 қоңыраудан түседі. Қоңырау шалған адамдарға біз өте шұғыл түрде көмек көрсетуге тырысамыз. Әрине, бұл кезде қиындықтар болады. Әсіресе техниканың ескілігінен, жолдағы кептелістер. Сондықтан жолдардың жаман кезінде көктем уақытында, әрине, қиындықтар туындайды.

Бүгінде жедел жәрдем қызметі жаңғыртылу үстінде. Науқастар сенімін ақтауға ниетті ұжымның айтар назы да жоқ емес. Сәт сайын қозғалыстағы көліктердің сапасы сын көтермей жатады. «Халық игілігі үшін автопаркті жыл сайын жаңартқан ләзім», - дейді олар. Мұндағы ең ескі көлік 2007 жылғы.

Қалалық жедел жәрдем қызметінің жалпы аумағы 40 шақырымға тең. Ал жедел көмек көрсету уақыты 20 минут. Бұл үшін көліктің сапасы мінсіз болуы тиіс. Бүгінгі дерек бойынша көліктердің 47 пайызы ескірген.

Көліктердің ахуалы күн сайын қадағаланады. Соңғы үлгідегі медициналық жәрдем көрсетудің тиімді жолы толыққанды жабдықталған көліктерді пайдалану. Осы ретте қалалық жедел жәрдем стансасына облыстық қазына үлесінен екі реанимобиль мен 11 «Фольксваген» көлігін алу көзделген.

Гүлнәр Текіманова, қалалық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары:

- Паркте 39 машина бар. Оның 23-і – УАЗ. Біз қазір өте мәзбіз. Бізге 13 жаңа шетелдік көлік келді.

Жалпы қалалық жедел жәрдем стансасында 39 санитарлық көлік болса, оның 23-і – УАЗ. Ұлт саулығы үшін жасалған игіліктер жалғасын тапса, құба-құп.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы