378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда «жорық қуырдақ» дайындайтын айрықша дәмхана ашылды

  • 1070
  • UPD: 15:16, 09.04.2017
Ақтауда «жорық қуырдақ» дайындайтын айрықша дәмхана ашылды

«Жорық қуырдақ» туралы естігеніңіз бар ма?

Қазақша еттің ағаш табаққа салынып, дастарханға тартылуының сыры неде? Бұл сауалдардың жауабын Ақтаудан табасыз. Қарт Каспийдың жағасындағы шаһарда айрықша дәмхана ашылды. Мұнда бас сұққан жан қазақы дастарханнан дәм татып, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыздан да ауыз тиеді. Екі бөлмелі пәтер іші киіз үйге ұқсатып безендірілген. Келген жан аяқ киімін есік алдына шешіп, төрге озады. Құрақ көрпеге жайғасқан соң, қолыңызға су құйылады. Алдымен күрең шай мен бауырсақтан дәм татып, сонан соң ас мәзіріне көз саласыз. Тағамдар тізімін жорық қуырдақ бастап тұр. Оған сұраныстың жоғары болуы себеп. Жасалу жолы да қарапайым. Туралып, тұздалған марқа, не бұзау еті қарынға салынып, бұқтырылады. Төлдің жас болуына орай, тағам тіске жұмсақ, жұғымды келеді. Бастысы, қазанда тез піседі. Дастарханға ағаш табақпен әкелінуі - қонаққа қазақи дәстүрмен ас тарту рәсімін дәріптейді. Қайта жаңғырған ұлттық асымыздың бірі осы «Жорық қуырдақ». Ерте заманда жауға қарсы жорыққа аттанған жауынгер жасақтың жеңсік асы болған деседі. Осы аңызды білетін жергілікті тұрғындар батыр бабалардың өр рухы, күш-қайраты бойға дарысын деген сеніммен құнарлы тағамға жиі тапсырыс береді екен. Ұлттық астан соң қалауыңызша шұбат ішіп, тоқ басасыз. Жер үстел жанына құсжастықты шынтақтай кетіп, жайма-шуақ әңгіме құруға өзге ұлт өкілдері де құмар. Домбыра ала келетін өнерпаз жастар қашанда сыйлы қонақ саналады.

Алқажан Еділхан, қала тұрғыны:

- Бала кезімізде ет қамыр салғанда қалың болатын еді. Себебі не, ол кезде тамақтың басқа түрі қазіргідей болған жоқ. Қамырдың қалың болуы сол заманның, кісі ағзасының талабы деп біздер түсінеміз. Шүберекпен бірдей мына балалардың бізге ұсынған асы. Қандай дәмді, қандай жұғымды.

Кәсіпкер келешекте орталық жанындағы жер телімін жалға алып, киіз үйлер қалашығын құруды армандайды. Осы мақсатта қала әкімдігімен келіссөз жүргізуде. Кішігірім этноауылда ішімдіксіз той-садақа өтіп, туристер тамақтанбақ. Жоспар іске асса тағы да 10 адам жұмыспен қамтылмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.

Хабар 24 телеарнасы