387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда Каспий аймақтық мұнай-газ көрмесі басталды

  • 544
  • UPD: 11:00, 12.04.2017

Осымен 16-шы рет өткізілген көрмеге отандық және шетелдік жүздеген компания өкілдері қатысып жатыр.

Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және шетелдік компаниялармен серіктестік қарым-қатынас орнатуда бұл шараның маңызы зор. Сонымен қатар, Қазақстанда мұнай-газ секторында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды бірлесе игеруді діттеген келелі келісімде осы көрме аясында жасалуы тиіс. Атырау облысы экономикасы қарышты дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Өңірде бүгінде 600-ден астам орта және ірі кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Республиканың өнеркәсіп көлемінде бұл кәсіпорындардың үлесі 24% жуық, оның 35%-ға жуығына шетелдік капитал қатысады. Көрме аясында отандық компаниялар шетелдік әріптестерімен іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Андрей Макаров, сервистік компания директоры:

- Біз мұнда жаңа технологияларға негізделген өз өнімдерімізді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, нарықта басқа қандай компаниялардың өнімдері бар, олардың артықшылығы неде деген сауалдарға жауап аламыз. Атыраулық немесе өзге елдердің кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеуге, іскерлік байланыс орнату мақсатында келіп отырмыз.

Бүгінгідей нарық заманында бәсекеге қабілетті өнімге сұраныс жоғары. Өңірдегі алып кәсіпорындардың бірі - Атырау мұнай машиналарын жасау зауыты. Кәсіпорын өңірде жұмыс істеп жатқан әлемдік деңгейдегі компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Александр Донсков, мұнай машиналарын жасау зауытының директоры:

- Бүгінгі күнге дейін батыс аймақтардағы ірі компаниялардың көпшілігімен жемісті жұмыс істеп жатырмыз. Көп тәжірибе жинақтадық. Енді басқа мемлекеттердің нарығына шықсақ деген жоспар бар. Сондықтан алыс-жақын шетелдерде өтетін көрмелерге де міндетті түрде қатысамыз.

Мұнай-газ көрмесімен қатар Атырауда 4-халықаралық инвестициялық форум басталды. Бұл өңірге ірі инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Өйткені сарапшылар әлемдік қаржылық дағдарысқа қарамастан биылғы жыл мұнай-газ өндірісі саласын үшін табысты болады деген жорамал жасап отыр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов, Амантай Мәтенов.

Хабар 24 телеарнасы