385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының бірнеше ауылы қар құрсауынан құтыла алмай отыр

  • 493
  • UPD: 21:13, 14.04.2017

Қостанайда облысында сәуір туса да, жағдай тәуір болмай тұр.

Мұнда да бір ауылдың шетіне су кіріп, жолы жабылса, енді біраз елді мекен әлі күнге қалың қардың құрсауынан құтыла алмай отыр. Солардың бірі Әулиекөл ауданына қарасты Харьков ауылының тұрғындары қатынастың қиындығын айтып шағымданды.

Күнтізбедегі көктем орталанып қалса да, Харьков ауылында әлі қар көп. Елу үй түтін түтеткен елді мекенге баратын көтерме жолдың екі шақырымы кісі бойынан асатын туннель. Оның өзі таяуда аршылған. Ені тар жолға екі машина қатар сыймайды. Қыс бойы «тар жол, тайғақ кешуден» титықтаған тұрғындардың еңірегенде етегі жасқа толады.

Бақытгүл Ботабаева, Харьков ауылының тұрғыны:

- 7 сәуірде ауданға бардық. Мына келін екіқабат. Барлығы үш адамбыз. Содан көлік батып, бұлар жаяу итерді. Сонда ана келіншектің баласы түсіп қалса, кім жауапты? Ауруханаға, тісін жұлдыруға мен қаралуға барамыз дегенбіз. Келе жатқанда көлік батып, жолда бәлен сағат тұрдық.

Елді мекен күре жолдан небәрі алты-ақ шақырым қашық жатыр. Соның өзінің азары аз болмай тұр. Харьковтың балалары сырттан қатынап оқиды. Қыста жол жабылса, ауырып сырқаған, түрлі мұқтаждығы туындаған жандарға жолдың аршылуын күткеннен өзге амал жоқ.

Меруерт Ибраева, Харьков ауылының тұрғыны:

- 19 ауданға таксистерді арнайы жалдаймыз. Сосын тамағымызды әкеп аламыз. Өйткені дүкен жоқ. Одан қалды таксилер қардан шыға алмай қалса, жол ашылғанша күтіп отырамыз. Кейде шамамен бір аптаға дейін жол болмай қалады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы он бес жылда мұндай қалың қар түспеген екен. Жергілікті билік өкілдері қандай қиындық болса да, құр қол қарап отырған жоқпыз дейді. Сондықтан да халықтың кейбір уәжімен келіспейді.

Нұрғазы Құрманғалиев, Чернигов ауылының әкімі:

- Егер мынау жол жабық болса, жолдың бойымен көріп тұрсыз, әне ізі жатыр, сол жерден жол ашылды. Тазартылып отырды. Бір апта жол болмады деген ол өтірік сөз.

Қазір Тобыл өңірінде ауа температурасы 10 градустан артық жылығанына аптадан асты. Енді Харьковтың тұрғындары қар күрт еріп, қора-жайымызға су кіріп кете ме деп алаңдайды. Ал мамандар таяу күндері Қостанай облысында ауа райының құбылатынын айтып отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы