382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыс Қазақстан тұрғыны кембағал балалар еңбек ете алатын дәмхана ашты

  • 657
  • UPD: 11:55, 16.04.2017

Мүмкіндігі шектеулі балалардың да еңбек етіп, өсіп-жетілуіне құқығы бар.

Бұл Шығыс Қазақстандағы Көкпекті ауданының тұрғыны Светлана Кошелеваның пікірі. Өңірде бірегей әлеуметтік дәмхана ашқан кәсіпкеркембағал қыздың анасы. Тағдыры тауқыметін тартқан жандарды қолдау үшін қолға алынған әлеуметтік жобаның бүгінгі жетістігі қандай?

Бұл мүмкіндігі шектеулі баласын жеткізіп, жетелеп отырған қайсар ана Светлана Кошелева. Бүгінде әлеуметтік дәмхана ашып, кәсіпкер атанған жайы бар. 18 жастағы Алина да анасына қолғабыс етуге дайын. Даун синдромына шалдыққан қыздың еңбекке ептілігі, қонақтарға деген құрметі еріксіз сүйсіндіреді. Дегенмен әлеуметтік жобаның ашылуына ыңғайсыз жағдай себеп болған екен.

Светлана Кошелева, әлеуметтік дәмхана иесі:

- Бір күні қызым екеуіміз дәмханадан тамақтанбақ болдық. Сол жердегі даяшы бізге мекемені босатуымызды, не бұрыш жаққа отыруымызды талап етті. Айтуынша, басқа келушілер бізден қорқып қалуы мүмкін екен. Айтқанын орындадық. Бірақ сол өкпе менің жанымды екі жылдай қинады.

Расымен Светлана ханым жаралы жанын емдеу үшін психологтарға жүгінген. Көпшілікпен араласып, көзайым болған ол өзі сияқты аналар мен кембағал балалар еңбек ете алатын дәмхана ашуға бел буады. Бүгінде Алинаның жетістігі көпке үлгі.

Балалар үйінің түлегі Татьяна Карамышева науқас баланың анасы. Бүгінде дәмхана мәзіріндегі тәттілердің дені Татьяна мен Алинаның қолынан шыққан.

Татьяна Карамышева, аспаз:

- Балалар үйінен шыққанда қайда барарымды білмедім. Светланаға кездескелі жағдайым түзелді. Қазір оның дәмханасында аспазбын. Балам – жарымжан. Туғанда сау болған еді, жүре келе эпилепсия дертіне шалдықты. Осындай әлеуметтік дәмханалар мен сияқты аналар үшін үлкен қолдау.

Әзірге мұндай дәмхана тек Көкпекті ауданында ғана бар. Әрине, әлеуметтік кәсіпті дөңгелету оңай шаруа емес. Десе де жергілікті кәсіпкерлер палатасы барынша қолдау көрсетіп отыр. Сәті түссе, грант алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Әлия Мұқашева, Көкпекті аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасы жұмыссыз отырады. Светлана Кошелеваның жобасы арқасында ол кісілерге жұмыс табылады деп ойлаймын. Бүгінде бизнес жоспар дайын. Жасап қойдық.

Ауылдағы жалғызбасты қариялар да Светлананың қамқорлығына қанық. Тәтті бәліштен тегін дәм татқан олардың да айтар алғысы шексіз.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы