384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жаңғақ өсіріле бастады

  • 2203
  • UPD: 09:28, 26.04.2017

Алматы облысының шаруалары грек және орман жаңғағын өсіруді қолға алды.

Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында 20 гектар жерге алғашқы көшеттер егілді. Кәсіпкерлер болашақта өнімді өңдейтін кәсіпорын ашып, бақтардың аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұл жеміс ағашы грек жаңғағы деп аталғанымен, бастапқы шыққан жері Орталық Азия екені анық. «Сондықтан Еуропа елдері мен Қытайдан әкелінген жаңғақ көшеттері Жетісу жеріне тез жерсінуі тиіс», - дейді мамандар. Қазақстандық шаруалар да жаңғақ өсірудің тиімділігін біле бастағандай.  

Мәншүк Жексембекова, шаруа қожалығының басшысы:

- Біріншіден, бағасы қазір өте жоғары. Барлық жаңғақ түрінің. Екіншіден, биыл бағасы төмен болса, оны келесі жылы сатуға болады. Ол бұзылмайтын нәрсе.

Кәсіпкер шетелдік әріптестерінің көмегіне жүгініпті. Италиялық ғалымдар топырақтың құнары, судың сапасы мен табиғат ерекшелігін мұқият зерттеген. Нәтижесінде көктемде үсік жүре қалған жағдайда шыдайтын жаңғақ түрлері егілді.

Джузеппе Калькани, Дүниежүзілік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының вице-президенті:

- Бұл интенсивті бақ. Бір гектарға 250 грек жаңғағы, 550 тау жаңғағы отырғызылады. Тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Сапалы әрі мол жаңғақ жинауға мүмкіндік мол. Ал, дәстүрлі жаңғақ бақтарының бір гектарына бар-жоғы 90 ағаш егіледі. 

Кәсіпкерлер шетелдік көшеттерді жерсіндіру үшін жылыжай салатындарын айтады. Одан кейін отандық көшеттерді шығаратын арнайы зертхана ашуды жоспарлап отыр. 

Сергей Терещенко, Қазақстан жаңғақ және жидек өсірушілер қауымдастығының президенті:

- Қазақстанда миллион гектар жерге осы жеміс ағашын өсіруге болады. Қытай, Үндістан, Араб елдерінің нарығына шығара аламыз. Ішкі нарық және бар. Жаңғақ экспортынан 30 млрд доллар табыс табуға болады. Қазір біз «Жаңғақ-2050» бағдарламасын дайындап жатырмыз. Өзіміздің қауымдастығымызды құрдық.

Италия ғалымдары Қазақстанда жаңғақтың бес түрі жақсы өсетінін анықтаған. Енді шаруалар оңтүстік-шығыс өңірлерде бадам жаңғағы мен пекан ағашын жерсіндіруді қолға алмақ.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы