383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Француз компаниялары кеден кедергісінен ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса алмауы мүмкін

  • 402
  • UPD: 23:46, 26.04.2017

Францияның кейбір компаниялары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса алмай қалуы мүмкін. Француз кәсіпкерлері кеңесі төрағасының орынбасары Гай Сайдос Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің отырысында осылай деді.

Себебі әкімшілік және кедендік кедергілердің кесірінен бірқатар құрылғы бірнеше күннен бері кеденде қаңтарылып тұр. Гай Сайдос «жуық арада бұл мәселе шешілмесе, француз компаниялары көрмеге дайын болмай қалуы мүмкін» деп алаңдайды.

Гай Сайдос, Қазақстан-Франция іскерлік кеңесі төрағасының орынбасары:

- Қазіргі уақытта жүгіміз кеденде қаңтарылып тұр. Оның ішінде көрмеге қажетті барлық құрал-жабдықтар бар. Сондықтан сіздерден көмек сұраймыз. Себебі бұл құрылғыларды орнатып, дер кезінде ашуға біраз уақыт кетеді. Осы маңызды мәселені шешсе дейміз.

Жалпы іскерлік кеңестің отырысында екі жақты байланысты одан әрі дамыту жайы сөз болды. Былтыр өзара сауда айналымы бір миллиард доллардан асты. Франция Қазақстанға инвестиция құю көлемі бойынша алғашқы үштікке кіреді. 2005-2015 жылдар аралығында елімізге 11 млрд доллар салды. Енді тараптар ауылшаруашылық саласында ынтымақтастық орнатуды көздейді.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен»  ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- ЭКСПО-ның уақытында тағы да үлкен топ Францияның ешқашан Қазақстанда болмаған, бірақ Қазақстанның нарығы оларға қызық. Сондықтан жаз айларында француз бизнесмендері осында келетін болады. Ол ең бірінші ауыл шаруашылығын қайта өңдейтін компаниялар.  Бізді қызықтыратыны олардың технологиялары, өйткені бізге қазір қытай нарығына өзіміздің өнімімізді шығару керек.

Хабар 24 телеарнасы