389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде кепілге қояр мүлкі жоқ азаматтарға сенімге негізделген несие берілуі мүмкін

  • 592
  • UPD: 17:17, 28.04.2017

Мемлекет пен бизнестің серіктестігін жетілдіріп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру қажет. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылаған жиыны болды. Басқосу Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, «Атамекен » Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өтті. Келелі кеңеске келгендер қазақстандық кәсіптің өрісін кеңейту жайын қызу талқылады. Мемлекеттік сатып алуда көбіне тыс қалатын отандық өндірушілердің басындағы басты проблема да мінберде айтылды. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыратын жүйе қарастырылып жатыр екен.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өзіміздің жергілікті өнім болғаннан кейін оларға біраз жеңілдіктер керек. Қандай дейсіздер? Ең бірінші, оларға конкурстың алдында сертификаттарды беру. Яғни, қазақстандық нақты өндіруші деген. Әйтпесе бізде өкінішке орай кейбір кәсіпкерлер отандық өндірушімін дейді. Бірақ олар шетелден алып келеді. Сондықтан тосқауыл қою үшін біраз өзгерістер керек.

Жиындағы тағы бір жағымды жаңалық. Алдағы уақытта кәсіп бастауға бел буған, бірақ кепілге қояр мүлкі жоқ азаматтарға сенімге негізделген несие берілуі мүмкін. Бұл туралы «Атамекен » ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір кәсіп ашуға ниетті қазақстандықтар көп. Ынтасы бар азаматтарға мүмкіндік беру керек дейді.

Айта кетейік, қазір елде «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында үш мыңнан астам адам кәсіпкерліктің әліппесін меңгеріп жатыр. Сонымен қатар Жұмағазиев стартап жобаға бөлінетін қаржыны 20-дан 50 пайызға дейін көбейту қаралып жатқанын жеткізді.

Елдар Жұмағазиев. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл Түркияда бар. Кепілдікті азаматтар береді. Сол ауданның кәсіпкерлері береді. Сондай жүйе енгізгіміз келеді. Ондай жүйе енгізбесек, ауылдағы адамның беретін кепілдемесі де жоқ шынын айтқанда. Мемлекет мойын бұратын болса, осы мәселені көтеріп жалпы бүкіл Қазақстанға таратқан дұрыс сияқты.

Хабар 24 телеарнасы