388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жол ережесін бұзғандар үшін төленетін айыппұл көлемі төмендетіледі

  • 1344
  • UPD: 21:18, 28.04.2017

Жол ережесін жеңіл-желпі бұзғандар үшін төленетін айыппұл көлемі төмендетіледі. Бұл мәселелер бүгін Сенатта өткен үкімет сағатында қаралды.

Көліктің жарығын қоспай жүріп ұсталған жүргізуішлер бірден айыппұл төлеуге міндетті емес. Ережені бірінші рет бұзса тек ескерту беріледі. Ал кезекті рет қайталанған жағдайда кешірім болмайды. Айыппұл төлейсіз. Бірақ оның көлемі азаятын болды. Қазір 5 АЕК болса, енді 3 АЕК-ке дейін төмендейді. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған тұраққа көлігін қойып кеткендерге қолданылатын әкімшілік жаза да біршама жеңілдемек. Себебі қазіргі айыппұл 115 мың теңге. Бұл тым көп екенін ішкі істер министрлігінің өкілдері де мойынап отыр.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Біз ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі 14 бап бойынша жауапкершілікті жеңілдетуге келістік. Әрине біз өрескел заң бұзушылықтарға салынатын айыппұл көлемін төмендетуге қарсымыз. Тек жеңіл-желпі жағдайларды ғана қарастырып жатырмыз. Мәселен, жол қиылысында тоқтайтын сызықтан байқамай 1 метрге асып кетсе, салынатын айыппұлды 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін азайтамыз. Сондай-ақ көлік жылдамдығын 60-тан -70-ке дейін асырғандарға да айыппұл мөлшерін кемітеміз.

Сондай-ақ депутаттар жол полицейдерінің алатаяқты қолданбауы туралы мәселесін Парламент қабырғасында жиі айтып жүр. Жол сақшыларына алатаяқты қайтарып беру туралы ұсыныс та жасалды. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы да мұны құптап отыр.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Мен жол қозғалысын реттеу кезінде алатаяқпен бағдар көрсету түсініктірек болады дегенге келісемін. Сенаттың ұсынысымен бұл мәселені Үкіметте көтереміз. Ал ережеге бағынбаған жүргізушіні тоқтату кезінде алатаяқ керек емес. Оларды автопатрульдер тоқтатып жүр.

Егер ұсыныс қабылданса, жол сақшыларын алатаяқпен қамтамасыз ету үшін шығындалудың қажеті жоқ. Бұл жабдықтар қолданыстан шыққан күннен бастап, арнайы қоймада сақтаулы тұр. Ал, ережені бұзған жүргізушілерді «видеотіркеуіші» жоқ жол полицейлері тоқтата алмайды. Ішкі істер министрі арнайы бұйрық шығарып, тыйым салғанын жеткізді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- 2016 жылы полиция қызметкерлері жол ережесін бұздың шамамен  3,5 млн фактісін анықтады. 35 мың жүргішуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталды. 49 мың адам көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың алғашқы 3 айында жол апаты 13 пайызға қысқарды. Қаза тапқандардың саны 27 ал, жараланғандардың қатары 10 пайызға азайды.

Ал,сенаторлар Астанадағы кептеліс мәселесін сөз етті. Мәселен депутаттар тұратын көпқабатты тұрғын үй кешені Парламентке тиіп тұр. Алайда халық қалаулылары кептеліс кезінде жұмыс орындарына жете алмай әуреге түседі екен.

Серік Ақылбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Баяғы автотұрақ мәселесі. Баяғыдан бері келе жатқан. Баяғы жартас сол жартас. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Парламентте тұратын үйімізге де кіре алмаймыз. Машиналар қаптап тұрады.

Мәселені шешу үшін Астанадағы мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялардың жұмыс уақыты өзгертілмек. Сонда тұрғындардың барлығы бір уақытта жұмысқа асықпайды. Сенаторларға қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун осылай деп жауап берді. Тиісті шешім 2-3 апта ішінде қабылданады. Ал 29 мамырда 400 орындық ақылы көлік тұрақтары ашылады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы