384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы Каспий жағасында мерекелік шеру өтті

  • 894
  • UPD: 15:05, 02.05.2017

Бірлік мерекесін Каспий жағасындағы шаһар жұрты да шат-шадыман тойлады. Жалпы Маңғыстау өңірін 50-ге тарта ұлт өкілі мекен етеді.

Ынтымағы жарасқан 20 этномәдени бірлестік мүшелері ұлық мейрамда жәрмеңке өткізіп, ұлттық тағамдарын көпшілікке тегін ұсынуды әдетке айналдырған. Ал еңбек ұжымдары жылдағы дәстүрмен мерекелік шеруге қатысты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Халқының ынтымағы жарасқан азат мемлекетіміздің мәртебесі жаһандық деңгейде асқақтай берсін! Ақтауда Бірлік мейрамы әдеттегідей қала тұрғындарының мерекелік шеруге қатысуымен басталды. Көпшілік таңсәріден шаһардың орталық көшесінде бас қосып, сапқа тұрды. Команда берілісімен қала әкімдігінің ғимараты орналасқан «Астана» алаңына қарай қозғалды. Әрбір еңбек ұжымының алдында сала ардагерлері мен үлгілі қызметкерлері топ бастаса, соңында олар еңбек ететін мекеме қызметі бейнеленген автокөлікпен аяқталған. Шеруге қатысушыларды қолдарына Мемлекеттік ту ұстаған байкерлер бастап жүрді.

Биылғы ерекшелік деп өңірдің мыңға тарта белсенді жастарынан құралған топтың шеруге қосылуын айтуға болады. EXPO халықаралық көрмесінің еріктілері, жас мұнайшы, дәрігер, мұғалім, спортшылар бірлікті насихаттайтын қанатты сөздерді ұрандап, бір кісідей адымдады.

Бекзат Қосай, қала тұрғыны:

- «Ел бірлігі, ел мұраты, ел мерекесі» деп Елбасымыз айтпақшы, бүгінгі ынтымақ, достық, бірлік мерекесі баршамызға құтты болсын! Бұл мерекенің маған қымбаттылығы – достық. Бұл жерде әр адамның ұлттылығы мен достығы аса сақталған.

Зейнеп Тастемірова, қала тұрғыны:

- Біздің елімізде тұратын барлық ұлыстардың басын біріктіретін мереке. Барлық ұлыстар мен ұлттар бір-бірімен өте жоғары достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Бұл мерекеге атсалысушы бүкіл облыс тұрғындары бүгінгі шеруге шығып, көтеріңкі көңіл-күйде жүр деп есептейміз.

Мереке күні қала аумағында түрлі іс-шаралар өткізілді. Теңіз жағалауында көпшілік қазақша дойбы, шахмат және тоғызқұмалақтан өткен өңірлік турнирді тамашалап қоймай, қол күресі мен арқан тартуда бақ сынасты. Балалар назарына облыстық қуыршақ театры дайындаған қойылым ұсынылды. Бірлік күні кешқұрым «Астана» алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен түйінделеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы