386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы әлемнің 20-дан астам елін аралайды

  • 545
  • UPD: 23:38, 03.05.2017

Тарихтан тағылым. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы жолға шықты. Құрамында ғалымдар мен тарихшылар бар топ алдағы 2,5 айда әлемнің 20-дан астам елін аралайды. Біздің арнаның тілшілері де осы экспедициямен бірге жүріп, қазақ тарихына қатысты тың мағлұматтарды көрермендірімен бөліседі.

Асқарбек Қазанғап, тілші:

- Кезінде бабалар тұлпарының тұяғы жеткен жерлерге енді ғылыми экспедиция мүшелері көлікпен аттанбақ. 70 күндік сапар барысында әлемнің 20-дан астам елінде болып, қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтермен танысатын боламыз. Бұл экспедицияның ел тарихының жаңа парақтарын ашатыны сөзсіз.

Алтай мен Дунайдың арасын аттың жалында, түйенің қомында жүріп өткен арғы бабалар тарихы – ұлылық ұлағаты. Сапардың негізгі мақсаты – көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін айшықтау. Үлкен тағылымды саяхаттың алдында экспедиция мүшелері мінген көлік Астананы шарлап, көк туды көкке желбіретті.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Біздің жетістігіміз сол болар еді. Егер біздің артымыздан жастар, жас ғалымдар қазақтың тарихы мен мәдениетін іздеп, қай жерде, қай елдерде, қандай іздер қалдырғанын зерттейтін болса, ол үлкен нәтиже берер еді.

Саяхатшы Сапар Ысқақовтың бастамасымен ұйымдастырылған топ экспедицияны Қазақстаннан бастап, Ресей, ТМД елдері мен Еуропада жалғастырады. Ғалымдар тарихи материалдарды зерттеп, ат басын бұрған жерлерде генетикалық сараптама жүргізеді.

Орденбек Мазбаев, география ғылымдарының докторы:

- Бұндағы мақсатымыз Кавказда болсын, Ресей жерінде, басқа Еуропа елдеріндегі сақ, ғұн дәуіріндегі ескерткіштер, артефактілер, кітап болсын, карта болсын, сол жергілікті халықпен етене аралысып кеткен басқа ұлт өкілдерінің орналасу географиясы жайлы материал жинамақпыз.

Экспедиция қорытындысы бойынша деректі фильмдердің циклі жарыққа шығады. Сонымен қатар «Хабар 24» арнасынан әр апта сайын «Бабалар ізімен» тобы барған елдерден арнайы репортаж көрсетіледі.

Авторы: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы