384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


МӘМС жүйесі бойынша тегін медициналық көмек көрсетілетін азаматтардың санаты бекітілді

  • 1500
  • UPD: 21:26, 03.05.2017

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі келер жылы іске қосылады. Бірақ 2 айдан кейін жұмыс берушілер қызметкерлер үшін жарна төлей бастайды.

Биыл ең төменгі жалақының 1 пайызын аударса, 2018 жылдан бастап еңбекақының 1,5 пайызын төлеуге міндеттеледі. Қазір азаматтардың тізімі түзіліп, олар ем қабылдайтын клиникалар анықталып жатыр. Қор тек өзі келісімге келген орталықтармен ғана жұмыс істейді. Яғни сақтандыру пакеті кез келген медициналық мекемеде қолданылмайды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 5 сәуірден бастап біз арнайы компания бастадық. Әр азаматтардың заң бойынша еркін таңдау құқы бар. Сол еркін таңдауға біз шақырып жатырмыз. Осы 1 айдың ішінде 100 мыңнан астам азаматтар өздерінің еркін таңдау құқын пайдаланды. Емханаларды таңдап, сол жерде тіркеліп жатыр.

Ал осы тіркеуге алынған азаматтар жөнінде мағлұмат сақталған ақпараттық жүйе қаншалықты дайын? Депутаттарды осы мәселе алаңдатып отыр.

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Келер жылдың қаңтар айынан бастап басы ауырып, балтыры сыздап, көмек сұрап келген адамға дәрігерлер ем жасаудың орнына, оның қай санатқа жататынын анықтап әлек болмай ма? Яғни әр азаматтың сақтандыру пакеті жөніндегі ақпараттық жүйе жаңашылдық іске қосылғанға дейін дайын бола ма?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Азаматтар медициналық сақтандыру жайындағы ақпаратты е.gov порталынан қарап біле алады. Күзге дейін медициналық орталықтарға тіркеу шарасы жүргізіледі. Тіркеуден өту үшін өзіңіз қалаған емханаға барып, төлқұжатыңызды көрсетсеңіз болды. Сіздің әлеуметтік статусыңыз белгілі болады.

Мәселенің өзектілігіне Мәжіліс төрағасы да мән берді. Нұрлан Нығматулин уақытша тіркеуге тұру міндеттелген кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектің қаптап кеткенін қаперге салды. Министрге бұл олқылықтарды қайталамауды ескертті. Ал өзін өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындарына бұл жүйе қаншалықты колжетімді? Себебі жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 5 пайызын жарна ретінде төлеуі тиіс. Бұл шамамен айына 1400 теңге.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Статистика деректері бойынша өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны елімізде 2 млн астам адамды құрайды. Оның басым бөлігі тіпті почта бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендерде тұратыны белгілі. Қорға өзін өзі қамтығандардың, әсіресе ауыл тұрғындарының жарна төлеуі қалай ұйымдастырылады?

Сәкен Сәрсенов, «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы:

- Ауылдық елді мекендерде бізде 2072 почта бөлімшесі бар. Солар арқылы біздің азаматтарымызға төлуге мүмкіндік бар. Қазір біз бұл сұрақтарды шештік.

Тегін медициналық көмек көрсетілетін азаматтардың санаты бекітілді. Бұл тізімге балалар мен зейнеткерлер, мүгедектер мен 3 жасқа дейінгі баласын қарап отырған аналар немесе кәмелеттік жасқа толмаған мүгедектердің күтушілері жатады. Сондай-ақ студенттер мен атажұртына қоныс аударып, жұмыссыз жүрген қандастарымызға, құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілерге де бұл көмек қолжетімді. Елімізде тұратын шетел азаматтары мен олардың балаларына да тиісті жәрдем көрсетіледі. Себебі олардың жарнасы жұмыс берушілер тарапынан төленіп жатыр. Қордағы қаражат Ұлттық банкте сақталады. Демек алаңдауға себеп жоқ.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Міндетті медициналық сақтандыруды тек Қазақстан аумағында ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Шетелге көшіп кетсе, әрине бұл медициналық қор қаржыларын пайдалануға мүмкіндік болмайды. Себебі заң бойынша қордың қаржылары тек еліміздегі медициналық қызметтерге төлеуге арналған.

Ал жұмысшылар 2019 жылдан бастап айлық жалақысының 1 пайызын сақтандыру қорына жарна ретінде аударады. Егер азаматтар қорға қаражат құймаса, тек кепіл берілген медициналық көмек түріне ғана жүгіне алады.

Оған жедел жәрдем шақырту мен әлеуметтік ауруға шалдыққан науқастарға көрсетілетін емдік шаралар кіреді. Бұл әзірге ұсынылып отырған өзгерістер.

Құжат әлі Парламенттің қос палатасында сан мәрте талқыланып, сүзгіден өтеді.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерзат Зайытхан, Арман Данышбаев

Хабар 24 телеарнасы