389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да көктемгі су тасқынының екінші толқыны жүріп жатыр

  • 670
  • UPD: 21:15, 03.05.2017

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынның екінші толқыны жүріп жатыр. Өңірде Есіл өзені тағы да көтеріліп, жан-жаққа жайылды.

Бұл ретте төтенше жағдайлар қызметкерлері бөгеттерді бекітіп, алдын алу жұмыстарын қолға алды.

Аралға айналған Прибрежное ауылының тұрғындары қалаға қайықпен ғана қатынайды. Құтқарушылар күні-түні жұртты жағадан жағаға жеткізіп, керек-жарақпен қамтамасыз етеді.

Қымбат Молдыбаева, Прибрежное ауылының тұрғыны:

- 1985 жылы осындай су болды. Ол кезде баржамен жүрді. Содан кейін осындай сулар болған жоқ. Машинамен жүруге болды. Міне биыл су осындай көп келді.

Сергей Черкасов, облыстық ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы:

- Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді. Осы жерде тамақтанады. Өйткені тұрғындар түнде де қатынайды. Кейбіреуі қайыққа қызық үшін мініп, селфиге түседі.

Тұрғындар суретке түсіп жүрсе, құтқарушыларға дамыл жоқ. Төтенше жағдай жарияланғалы Прибрежное мен Тепличное ауылдарында 60 адам жұмысқа тартылды. Көмекке Астана қаласының жасағы да келді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Аidarbek:

- Бүгін жан-жаққа жайылған Есіл өзені тағы да 5 см көтерілді. Тасқын суды осы бөгет ұстап тұр. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері оны қап-қап құммен бекітіп, көтеріп жатыр.

Нұрболат Додай, құтқарушы:

- Халық бар, ел бар. Сол себепті соларды аман қалдыру үшін бүгін таңға дейін осы жұмысты жасаудамыз. Әрине енді ұйқы келеді. Бірақ та халықтың қамын ойлау бізде бірінші орында тұрады. Сол себепті ұйқы тұра тұрады деп ойлаймын.

Есіл өзені 9 метрге дейін көтеріліп, 9 шақырымға жайылды. Қазір арнасынан адасқан ағыстың астында 200-ден астам үй тұр. Қазір көктемгі тасқынның екінші толқыны жүріп жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы