389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтар уақытша вагондарға көшірілді

  • 472
  • UPD: 16:10, 05.05.2017
Су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтар уақытша вагондарға көшірілді

Атбасарлық теміржолшылар үш вагондағы жүзден астам орынды су тасқынынан зардап шеккен, үйлері тұруға жарамсыз жергілікті тұрғындарға ұсынды.

Уақытша тұрғын жай Атбасар станциясы аумағында орналасқан. Станция ұжымы өз күштерімен уақытша тұрғын жайды бейімдеуге үлес қосты. Вагон купелерді жолсеріктер жылытады. Электр желісі жүргізілген. Үш мезгіл тамақ беріледі. Темір жолдағы күзет қызметі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Атбасар станциясының бастығы С.Қайниденованың айтуынша, теміржолшылар жергілікті тұрғындарға вагонмен көмектесіп қана қоймай, баспаналарын тазалауға, судан арылтуға тиісті техникаларды да бөлді.

Ақмола жол бөлімшесінің Жаңа-Есіл локомотив пайдалану депосының жұмысшылары Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаев селосы тұрғындарына да көмек қолдарын созды.

Жаңа-Есіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Марат Елубаев: «Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімшілігі барлық тұрғындарға су тасқынынан зардап шеккен отбасыларына көмек беруге өтініш жасаған. Біз де Рузаев селосына барып, үйлердің маңын тазалау, аумағын қалпына келтіру жұмыстарына көмектестік», - дейді. Айта кету керек, теміржолшылар «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының қайырымдылық көмек жасау туралы бастамашылығына алдымен үн қосты.

Теміржолшылар жинаған тұрмысқа бірінші кезекте қажетті азық-түлік, киім-кешектері Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының қызыл судан зардап шеккен отбасыларына жіберілді.

Хабар 24 телеарнасы