386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда 2 мыңға жуық адам қатысқан марафон өтті

  • 561
  • UPD: 21:24, 06.05.2017

Бүгін Атырауда жалпықалалық марафон өтті. Бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы шараға ниет білдірген барлық тұрғын мен қала қонақтары қатысты. 10 және 21 шақырымдық қашықтықтағы марафонды 2 мыңға жуық тұрғын жүгіріп өтті.

Қала тұрғындары арасында бұқаралық спортқа деген көзқарастың өте жоғары екендігі байқалады. Марафонға қатысушылар 10 немесе 21 шақырымды таңдап алды. Екі мыңға жуық тұрғын қатысқан марафоншының арасында мектеп оқушыларынан бастап 70-тен асқан қария да, арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Ерлан Тәжиев, марафонға қатысушы:

- Осы 10 шақырымдық марафонға қатыстық. Енді кішкене қиындау болды, бірақ сонда да осы соңына аман-есен жеттік. Соған қатты қуанамыз. Ұйымдастырып жатқан адамдарға көп рақмет айтқым келеді.

Бекет Қадырбаев, марафонға қатысушы:

- Күн сайын жаттығамын. Демалысына төрт жүгіремін. Алты-сегіз шақырым жүгіріп тұрамын.

Атыраулық марафоншылардың бастамасын қолдауға әлемге әйгілі желаяқ, қандасымыз Марат Жыланбаев арнайы келген. 7 рет әлемдік рекордты жаңғыртып, Гиннестің рекордтар кітабына енген Марат Жыланбаев бүгін спорт сүйер қауым мен өскелең  ұрпаққа зор үлгі көрсетті.

Марат Жыланбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Көзім жетіп отырғаны көпшіліктің қызығушылығы жоғары. Өз ниеттерімен қатысып жатыр. Жұртшылықтың бұқаралық спорт мерекесін сағынып қалғандығы байқалып тұр.

Облыстық Жеңіл атлетика федерациясы бұл марафонды дәстүрге айналдырмақ ниетте. Орталық алаңдағы марафоншылар мерекесі отандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Спортсүйер қауымның көңілін көтеру үшін Маржан Арапбаева, Қайрат Нұртас секілді көпшілік сұранысына ие әншілер де арнайы  келді.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы