389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақтың Шумахері» атанып кеткен Марат Түсіпов танк биатлонында көк туды желбіретіп келеді

  • 681
  • UPD: 10:34, 07.05.2017

Аягөздегі танк бригадасының тарихы тереңде жатыр.

1942 жылы негізі қаланған әскери құрылым Еуропадағы бірнеше қаланы фашистерден азат етуге қатысты. Ал бүгінде тәуелсіз Қазақстанның қорғанына айналған бригадаға 2001 жылы елбасының жарлығымен қазақтың хас батыры, дарабоз қолбасшы Қабанбайдың есімі берілген. Бірнеше жыл халықаралық танк биатлонында көк туды биікте желбіреткен Марат Түсіпов те осында қызмет етеді. Салмағы 40 тонна болатын мына ауыр техниканы анау-мынау адам басқара алмайды. Негізінен темір тұлпарды орта бойлы жігіттер тізгіндейді. Экипаж 3 адамнан тұрады: механик, көздеуші және командир. Олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Дегенмен, басты салмақ командирге түседі.

Танк бригадасы Құрлық әскерлері арасындағы үздік құрылымдардың бірі. Өткен қысқы дайындықтар қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінуі соған дәлел. Ал «Қазақтың Шумахері» атанып кеткен Марат Түсіпов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ғана емес, күллі Қазақ Елінің мақтанышы. Қатарынан 5-ші жыл ол Мәскеу түбіндегі «Алабино» полигонында өтіп жүрген танк биатлонынан жүлдесіз қайтқан емес. Тіпті қазақ сарбазының бұл шабысына қызыққан кейбір мемлекеттердің Қорғаныс министрлері жоғарғы жалақы мен баспана ұсынып, өз елдеріне шақырыпты. Марат та жауапты қысқа қайырған: «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»

Марат Түсіпов, Қабанбай батыр атындағы танк бригадасының механик-жүргізушісі:

- Танкке отырып, рычагқа отырып жүрген кезде өте бір жігерлі, күш пайда болады. Өзіміздің бұрынғы Қабанбай батыр аталарымыздың қалай ұрысқаны бізге де күш береді сол себептен осы жүлделі орындарды алып жүрміз, намысқа тырысқаннан. Құдай қаласа, биыл да халықаралық армия ойындарына, оның ішінде танк биатлонына, міне дайындық жүріп жатыр. Биыл да өте күрделі болайын деп тұр. Оған қарамастан осы жылы да жүлделі орын аламыз деген сенімдеміз.

Мараттың отбасында жас танкіші өсіп келе жатыр. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, батыр мінез, өр намыс та әкеден балаға мұра болғаны қуантады.

Марат Түсіпов, Қабанбай батыр атындағы танк бригадасының механик-жүргізушісі:

- 4 бітіретін ұлым бар, ол да әскери қызметші болғысы келеді. Сіз секілді танкіші болғым келеді дейді. Құдай қаласа, «Жас ұлан» мектебіне берейін деп жүрмін, әскери қызметші қылып.

Танкішілерде тыным жоқ. Күндіз-түні жаттығу. Алдағы жазда «Алабино» полигонында өтетін халықаралық сайыста көк туды биыл да биіктен желбіретуге аягөздіктер барын салып бағады. Ал әскерилердің өз міндеттерін атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Қалашықта тап-тұйнақтай тазалық. Былтыр 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл сайын әскерилердің баспана мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді. Алдағы уақытта тағы 4 үйді іске қосу жоспарланған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Бауыржан Дайырбеков, Берік Жобалайұлы.

Хабар 24 телеарнасы