389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ашылды

  • 627
  • UPD: 21:24, 12.05.2017

Бұл мекеме Қазақстан мен АҚШ Энергетика министрліктерінің арасындағы әріптестік аясында құрылып отыр.

Оқу орталығын құру жөніндегі Қазақстан мен АҚШ арасындағы келіссөздер 2005 жылы басталған. Мұнда ядролық материалдарды қорғау, есепке алу, бақылау және оны заңсыз пайдалануға қарсы әрекет жасау саласына мамандар дайындалады.

Ерғазы Кенжин, Ядролық физика институтының бас директоры:

- Үлбі металлургиялық зауытының жанынан ашылатын Ядролық отын банкі – төмен байытылған уран халықаралық қорының қызметкерлері де осы жерде дайындықтан өтеді. Алғашқы 2-3 жылда қазақстандық мамандармен қатар МАГАТЭ-нің, АҚШ пен Жапонияның мамандары дәріс оқиды.  

Ядролық технологиялар қазіргі таңда энергетика, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығы мен медицинада кеңінен қолданылады. Сондай-ақ аталған технологияларда қолданылатын материалдардан «лас бомба» деп аталатын қару жасауға да болады. Ал оның  лаңкестердің қолына түспеуін қатамасыз ету әрбір мемлекеттің міндеті.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:

- Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, батыл қадам жасады. Бұл АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсті. Қазақстан бізбен бірге әлемдегі ядролық қауіпті сейілту жұмыстарын  жалғастырып келеді.

«Әлемдегі ең ірі уран өнеркәсібі мен маңызды ядролық зерттеу инфрақұрылымы бар Қазақстан үшін осындай оқу орнының ашылғаны маңызды», дейді мамандар. Құны жарты миллиард теңге болатын орталық жақында алғашқы тыңдаушыларын қабылдайды. Келешекте бұл жерде Орталық Азия елдерінің өкілдерін де дайындау жоспарда бар.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы