386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда әкімшілігі тұрғын үй саласындағы күмәнді қаржылық жүйені анықтады

  • 466
  • UPD: 22:04, 19.05.2017

Қоғамда күйіп тұрған мәселенің бірі - тұрғын үй саласы. Пәтерін ала алмай жүрген үлескерлерге енді қаржылық пирамидалардың қақпанына түскендер қосылды. Елорда әкімшілігі тұрғын үй құрылысы саласындағы күмәнді қаржылық жүйені анықтады. Кейбір тұтынушылар кооперативінің жұмысы қаржылық пирамида қағидасымен жұмыс істей бастаған. Яғни алдымен ақшаңды саласың, сосын баспанаңды аласың.

Астанада үйсіз қалған үлескерлердің мәселесін тұрғын үй құрылысы кооперативтері шешеді. Яғни пәтер аламын деп алданып қалған көпшілік ғимараттың құрылысын аяқтау үшін инвесторды өздері іздейді. «Проблемалық нысандардың үлескерлері кооперативке біріккенде ғана құрылыс жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік бар» - дейді қалалық әкімдік мамандары. Себебі аяқсыз қалған құрылыс кешендеріне республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Қазір Астанада осындай 52 нысан бар.

Дәулет Досқұлов, МСҚББ басшысының орынбасары:

- Тұрғын үй құрылысы кооперативіне инвесторлардан зардап шеккен азаматтар кіреді. Сосын олар прокуратураға өтініш жібереді. Тиісті мекеме көпшіліктің талабы бойынша нысанды тексеріп, тұрғын үй құрылысы кооперативінің еншісіне алып береді. Ары қарай үлескерлер құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін инвесторлар іздейді немесе басқа мердігер компанияны шақырады.   

Қазір Астанада 22 тұрғын үй құрылысы кооперативі жұмыс істей бастады. Олар әкімдіктің ұсынған жүйесі арқылы құрылысты аяқсыз қалдырған компанияның активтерін кооперативтің еншісіне қайтарып алды. Енді құрылыс нысанын басқа инвесторлар салып бітіреді. Алайда ғимаратқа қаржы салған өзгелері мұндай жүйемен келіспейді. Өзара соттасқан үлескерлердің ісі құрылыс жұмыстарын бастауға кедергі келтіріп жатыр.  

Зейнегүл Искакова, үлескер:

- Осы үлескерлердің ішінде бір пайызы ғана 3500 үлескердің ішінде отыз адам кедергі жасап, бізді осы күнге дейін сотқа қайта-қайта арыз-шағым жазып, «Азбука Жильяның» атындағы активтерді «Орда инжинирингке» беруге қарсылықтарын білдіріп қайта-қайта сот сатыларына өздерінің арыздарын жазып сол сотта жүрміз. Сол үшін де ол тоқтап тұр. Енді осы 10-шы мамыр күні аппелациялық коллегияның сотында сот қаулы қабылдады: "Азбука жильяның" активтерін «Орда инжинирингке» беру үшін.

Дина Әбдікенова, үлескер:

- Біз соттың бұл шешіміне қатты ашулымыз. Себебі тұрғын үй құрылысы кооперативінің қазіргі мүшелері біздің келісімді алмай ұжым қатарынан шығарып пәтерімізден айыруы мүмкін. Қазір біздің қатарымызда кооперативке кіргісі келмейтін 360 адам бар. Олар үйіміздің құрылысын басқа мықты компаниялар салып бітіргені дұрыс деп есептейді.  

Үлескерлік құрылыстағы заңсыздықтарды қалалық әкімдіктегі ведмствоаралық комиссия апта сайын қарайды. Қазір күрмеулі мәселе шешіле бастады. Бірақ үлескерлерде әлі де болса үміттен гөрі күдік басым.

Ілияс Жанбатыров, үлескер:

- Қазір олар ақырындап құрылыс жұмыстарын бастады. Біздің нысанда екі бригаданың 32 адамы жүр. Құрылыс қарқыны өте баяу. Компания жыл аяғына дейін біздің үйді салып бітіреміз деп отыр. Алайда оған сену қиын.

Зейнегүл Искакова, үлескер:

- Біздің салынып жатқан «Комфорт» үйіне келетін болсақ, бұл жерде 2011 жылы осы үйді көтерген кезінде қаншама жерден рұқсат алу керек. Сондай рұқсаттарды алғанда көптеген қателіктер жіберілген. Себебі сол қателіктердің кесірінен бүгін біз үлескерлер зардап шегіп жатырмыз. Себебі бүгінгі таңда бізге өрт сөндіру қауіпсіздігі жағынан шамалы кедергілер болып тұр. Ал оған үлескердердің қандай кінәсі бар.

Әкімдіктегілер тұрғын үйге қатысты тағы бір күмәнді жүйені анықтады. Қаладағы төрт тұтынушылар кооперативі жылжымайтын мүлік сатып алуға пайызсыз қарыз береміз деп мәлімдеген. Олардың қаржылық қоры мен пәтер тарату жүйесі «пирамиданың»  қағидасымен іске асады. Мысалы, 10 үлескер жеке-жеке алғашқы жарна ретінде 20 пайыз қаржы құяды. Бұл ақшаға бір пәтер сатып алынады. Ол баспананы кооперативтің алғашқы мүшесі алады. Қалған адамдар келесі салымшыны күтеді. Күдік те осы жерде туындайды. Қазір мұндай кооперативтердің ісі қаншалықты заңды екенін мемлекеттік кірістер және ішкі істер департаменті мен қалалық прокуратура анықтап жатыр. Егер күдік расталса бұл мекемелер өз жұмысын тоқтатады. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Асхат Қарақойшиев, Аманжол Байғазин, Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы