387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында Сығанақ тарихына арналған музей ашылды

  • 1342
  • UPD: 22:35, 19.05.2017

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер» жобалары Қазақстан халқын отансүйгіштікке баулудағы ұтымды жол. Қазақ жерінде әлемге таралған түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне қалалар көп. Солардың бірі – сан ғасырлық тарихы бар Сығанақ шаһары. Бүгінде Қаратаудың етегіндегі ортағасырлық қаланы ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналдыру жоспары сәтті жүзеге асып, «Сығанақ тарихы» музейі ашылды.

Сығанақ – қазақ даласындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы болған қала. Алтын Орда, Ақорданың құрамында болған шаһар 15-ғасырда қазақ хандығының негізгі саяси-экономикалық қалаларының бірі болып саналды. Жоңғар шапқыншылығынан кейін дүркіреп тұрған шаһар тіршілігін тоқтатты. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, мұнда түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын қазба ескерткіштердің барлық түрі кездеседі.

Әлімжан Ержанов, тарихшы:

- Сауда байланысы болған. Тіпті Сығанақ теңгелері қазіргі Ресей территориясынан табылып жатыр. Еділ бойындағы көне Алтын Орда қалалары Сарай, Гүлстан сол жерлерден шығып жатыр Сығанақ теңгелері. Ең соңғы халық мұнда 19 ғасырда өмір сүрген. Халық көп болмаған, бірақ 19 ғасырда өмір сүріп, кейін қазіргі Жаңақорған аумағына қоныс аударған.

Бүгінде көне қаланың мешіт-медресесі қайта қалпына келтірілді. Рухани нысан орыс саяхатшысы Якубовскийдің 1927 жылғы фотосуретіндегі үлгісі бойынша жаңғыртылды. Ендігі кезек Дешті Қыпшақ, Ақорда, қазақ хандығының астанасы болған шаһарды әлемге таныту болып отыр.

Сұлтан Сартаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі:

- Өзіміздің тарихи жерлерімізді елге таныстыруымыз керек. Мынау Сығанақ деген өте ескі қала. Қазақ хандарының бәрінің орталығы болған жер. Сығанақты қазақ халқы туған жеріндей көретіні сол. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің басы осы Сығанақта жатыр.

Жалпы аумағы 80 гектарды құрайтын қаланың басты-басты нысандары анықталып, табылған жәдігерлер «Сығанақ тарихы» музейіне қойылды. Мұражайдағы жүзден астам құнды қазба және жазба деректер ғасырлардан сыр шертіп, дәуірлер жаңғырығын жалғап тұрмақ.    

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы