386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің кардиохирург мамандары шетелдерде тәжірибе алмасады

  • 526
  • UPD: 20:48, 29.05.2017

Енді қазақстандық ақ халаттылар білген-түйгендерін шетелдік әріптестеріне үйретеді. Астанадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлері таяуда осы мақсатпен Моңғолияға аттанып, тың тәжірибелерін таныстыруды көздеп отыр.

Операция бөлімінде қызу қарбалас. Дәрігерлердің алдында төсекке таңылған 35 жастағы азаматты ажалдан арашалап қалу міндеті тұр. Бұл жолы жүрек тұсынан ауыр соққы алған науқасты емдеуге кардиохирургия бөлімінің мамандары жұмыла кірісті. 

Әділжан Әлбазаров, ҰҒМО кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

-Мұндай жарақаттың соңы ауыр жағдайға душар етуі мүмкін. Себебі науқастың жүрегіндегі қақпақшаның біріне зақым келген.

Дәрігер Әділжан Әлбазаров 17 жылдық тәжірибесінде жүрекке жасалған 15 мыңға жуық операцияға жетекшілік етті. Яғни ол осыншама адамның басты ағзасын айықтыруға тікелей атсалысты. Дегенмен әр істің өзіндік қиыншылығы болады. Мәселен, бұл жолы науқастың жүрегі уақытша тоқтатылып, қан айналымы үшін арнайы қондырғы қолданылды.

Әділжан Әлбазаров, ҰҒМО кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

-Медициналық тұрғыдан жүрек қақпақшасын жаңғырту қажет болды. Біз осы міндетті сәтті жүзеге асырдық. Науқас енді кедергісіз дем алатын болады. Өзге ағзалары да іркіліссіз жұмыс істейді. Біздің орталық өз отандастарымызбен қатар шетелдіктерге де қызмет көрсетеді. Себебі еліміздің кардиохирургия саласы жан-жақты дамыған.

Медициналық орталықтың абырой-беделі шет мемлекеттерге де белгілі. Әсіресе Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп, жүрек-қан тамырларының дертіне дауа тапқан жандар жетерлік. Сондай-ақ мемлекеттік квота арқылы тегін емделіп, ақ халатты абзал жандарға айтар алғысы мол қазақстандықтар саны жетіп артылады.

Мейрам Қырықбаев, емделуші:

-Бір жеті бұрын келгенмін. Операция жасады. Клапанды алмастырды. Сосын екі шрупты қойды. Бәрі жақсы. Рахмет дәрігерлерге.

Рымкеш Әбдірахманова, емделуші:

-Приступ ұстап қалды. Аяғым тартылып қалды. Жедел жәрдеммен алып келді. Қазір жағдайым жақсы.

Дәрігерлер осылайша адам жанын ажалдан арашалау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оған қоса, ұжым мүшелері білген-түйгендерін кіші буынға үйретіп, сала жұмысының қыр-сырын түсіндіруді маңызды міндет санайды. Айта кетейік, бөлім меңгерушісі Әділжан Әлбазаров жақын күндері ел өңірлерін аралап, отандық медицинаның дамуына өз үлесін қосуды көздеп отыр. Сондай-ақ Моңғолия үкіметінің шақыртуымен осы елдің мамандарына кардихирургиялық саладағы тың тәжірибелерін таныстырып қайтпақ. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Бақтияр Рзаев

Хабар 24 телеарнасы