386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада ЭКСПО меймандарын қабылдау үшін қонақүй саны жеткілікті 

  • 505
  • UPD: 20:56, 02.06.2017

ЭКСПО көрмесінің басталуына орай алдағы 3 ай ішінде бас қалаға туристер ағылады. Олар тек халықаралық шараға қатысып ғана қоймай, қаламен де танысатыны анық. Астана бұған қаншалықты дайын?

Дариға Ташенова, тілші: 

- Астананы тек көгілдір экраннан көрген жұрт елордамызды әкімшілік қала ретінде ғана елестете алады. Алайда мұндай пікір шындыққа жанаспайды.  Жыл сайын шаһардың келбеті күрт өзгеріп барады. Бүгін біз теміржол вокзалынан шыға салып, қаланы араламақшымыз. Астана тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, отбасымен ыңғайлы өмір сүру үшін де салынғанын өз көзімізбен көрейік. 

Қалаға турист ретінде келгенде әр адам ең алдымен орналасу мәселесіне кезігеді. Соңғы  жылдары елордамызда бұл бағыт бойынша біраз жұмыс атқарылды десек қателеспейміз. Бой көтерген қонақ үйлер сан алуан. 

Эльвира Жүргенбаева, қала әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы: 

- Дәл қазір Астана бойынша 276 қонақ үй бар. Олардың 46 мың жатын орны бар. Одан өзге хостел деп айтамыз, уақытша жатын орындар бар. Әкімдік тексерді. Туристерді қабылдауға дайын. 

Заттарыңызды жайғастырып біткеннен кейін қала аумағын аралауға болады. Қай жерден бастау керек деген сұрақ туындаса, көп ойланбастан орталыққа келгенді жөн деп санаймыз. 

Дариға Ташенова, тілші: 

- Бүкіл қала алақандағыдай көрінсін десеңіз, сол жағалаудағы орталық алаңға келгеніңіз жөн болады. Мына алып құрылғы шамамен бір айдан кейін іске қосылып, барлық қонақтарды күн-түн демей қабылдай бастайды.

Бұл шолу дөңгелегінің биіктігі 65 метрге тең. Ал күн жылысымен балаларға арналған аквапарк ашылады. Оның аумағы 41 мың шаршы метрден асады. 

Дариға Ташенова, тілші: 

- Астана тұрғындары бос уақытын  негізінен сауда орындарында өткізіп, дүкен аралайды деген сын жиі айтылады. Бірақ күн райы жағымды болса, жастар таза ауаға шығып, демалуға әрдайым дайын. 

Блиц: Осында достарыммен қыдыруға келдім. Ауа райы жақсы. Бәрі ұнайды. 

Қазір Астанада 100-ге жуық саябақ бар. Олар шаһардың әр түрлі ауданында шоғырланған. Қала әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, алдағы екі жыл ішінде тағы 20 саябақ қала көркін аша түседі.  

Авторлары: Дариға Ташенова, Дәурен Үмбетәлиев

Хабар 24 телеарнасы