386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада бой көтерген нысандар ЭКСПО көрмесінің қонақтарын қарсы алуға әзір

  • 615
  • UPD: 20:33, 03.06.2017

ЭКСПО көрмесінің қарсаңында ашылған вокзал енді 54 бағыт бойынша пойыздарды қабылдайды. Оның ішінде жылдам жүретін 22 «Тұлпар-Тальго» бар. Ғимарат аумағы кең – 126 мың шаршы метр. Тәулігіне 35 мың жолаушы қабылдауға қауқарлы.

Қауіпсіздік жағы мейлінше ескерілген. Ақылды жүйемен басқарылатын 500-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Жолаушыларды тексеретін 16 кіреберіс бар. 6 қабаттық ғимаратта 740 көлікке арналған автотұрақ та қаралған. Жаңа теміржол вокзалына Астанаға дейін қатынайтындар тоқтайды. Ал транзиттік пойыздарды ескі вокзал қабылдайтын болады. Міне, бүгін сол алғашқы халықаралық пойыз жаңа вокзалға келіп жетті.

Абдурашит Гафуров, жолаушы:

-Вагондар өте әдемі. Қызмет сапасы көңілімізден шығады. Жаңа вокзалды бірінші рет көруім. Керемет екен.

Ал  Астананың ажарын аша түскен тағы бір тамаша нысан балет теарының сыртқы кескін-келбеті елорданың сәулетімен керемет үйлесім тапқан. Дизайны әдеттегідей классикалық емес, заманауи үлгіде. Жаңадан бой көтеріп, күннен-күнге көркейіп келе жатқан бас қаламыздың ажарын одан сайын ашып тұр.

Аслан Қаженов, тілші:

-Жаңа театрдың тағы бір ерекшелігі ЭКСПО қалашығына тым жақын орналасқан. 3 минут, ары кетсе 5 минуттың ішінде қонақ, мейлі ол қазақстандық болсын, шетелдік болсын, осында келіп, сахнадағы қойылымды тамашалай алады. Ал қойылымдар кестесі тығыз. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында мұнда күнделікті отандық өнерпаздар өнер көрсетеді. Сонымен қатар ЭКСПО-ға қатысушы елдердің мәдени күндері де осында болады.

Жаңа ғимараттағы сахна мен жарық беру кешені соңғы инновациялық технологиямен жабдықталған. Кез келген сценографиясы күрделі спектакльді қоюға мүмкіндік бар. Ал көрермендер жайғасатын орындардың реті ыңғайлы , жанға жайлы. 

Валерий Күзембаев, «Астана Балет» театрының директоры:

-Атауы «Астана Балет» театры болғанымен, мұнда симфониялық концертті де, операны да, мюзиклді де қоюға болады. Өйткені оны жобалау барысында отандық мамандар барлық халықаралық тәжірибені негізге алды. Соның арқасында заманауи үлгідегі және әлемдік талаптарға сай өнер ордасы пайда болды.

Жаңа театр ЭКСПО көрмесінің басталуын күтіп, қол қусырып отырған жоқ. Қазір мұнда әртүрлі қойылымдар сахналанады. Төрткүл дүниеге танымал балетмейстерлер отандық шеберлерді дайындайды. Олар сәйкесінше өз өнерімен тек Қазақстанның ғана емес, әлем көрермендерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Мәселен, бүгінгі түсірілім барысында олардың Бразилия, Беларусь және Түркия елдерінің шақыруымен гастрольге дайындалып жатқанын білдік.

Рикардо Амаранте, хореограф:

-«Астана Балет» театры әсіресе қазақстандық жас шеберлерге жақсы мүмкіндік ашып отыр. Өйткені негізгі сахнадан бөлек, дәл сондай көлемдегі екі үлкен жаттығу алаңы бар. Шығармашылық ізденіске барлық жағдай жасалған.

ЭКСПО қарсыңында осы сахнада өз өнерін паш еткісі келетін ұжымдардан тапсырыс тым көп екен. Әлі келіп жатқандары бар. «Ендігі мақсат – үлкен міндетті абыроймен атқарып, халықаралық көрмеге келген қонақтарға қазақ елінің мәдени  құндылықтарын жоғары деңгейде насихаттау», – дейді театр басшысы.

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы