386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы Имантау ауылында жұмыссыздық жоқ

  • 474
  • UPD: 18:00, 17.06.2017

Имантау ауылында жұмыссыз адам жоқ. Солтүстік Қазақстандағы елді мекен тұрғындарының үштен бірі жеке кәсіппен айналысып, жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл ауылдың бір өзінде 150 жылыжай бар. Одан да басқа шағын және орта бизнес нысандарының қатары жыл санап артып келеді.

Имантаулық Владимир Толкачев – білікті кондитер. Он жыл бұрын осы мамандықты меңгерген ол, биылға дейін Көкшетау қаласында еңбек етіпті. Себебі, ауылда мамандығына сай жұмыс орыны болмаған. Енді, міне, өзі туған ауылға оралып, жақында ғана ашылған кондитер цехында қызмет етіп жүр.  

Владимир Толкачев, кондитер:

- Тәтті дәмдеріміз халыққа өте ұнайды. Талап алып кетеді. Тапсырыссыз отырған күніміз болған емес. Қазір торттардың түр-түрін жасап жатырмыз.

Ал бұл тұшпара цехының ашылғанына небәрі екі-ақ ай болыпты. Десе де, ауыл тұрғындарына өнімдері өте жақсы таныс. Мұнда қазір күніне 60 келіден астам жартылай дайын тағамдар өндіріледі. 

Ирина Васильева, цех жұмысшысы:

- Біз тұшпарадан бөлек, тағы бірнеше өнім түрлерін әзірлейміз. Болашақта өндірісті кеңейтпек ойымыз бар. Себебі, кәсібіміз алға басып келеді. Тапсырыстың көптігі соншалық, кейде үлгермей жатамыз.

Әкімнің айтуынша, 2 мыңнан астам халқы бар ауылда кәсіп ашу мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта тағы бірқатар шағын және орта бизнес нысандары пайда болмақ. 

Любовь Сердюк, Имантау ауылының әкімі:

- Жоспарымыз – шұжық цехын, балық өңдеу өндірісін және сүт зауытын ашу. Одан бөлек, ауылдан жаңа саябақ ашамыз. Ол жерде балалардан бастап, қарияларға дейін демала алатын жағдай жасалады.

Сондай-ақ келешекте елді мекеннен балабақша мен қоғамдық монша да салынады, - дейді, жергілікті биліктегілер. Ал, бұл жағдайдың барлығы ауылдың ажарланып, халқының көбеюіне сеп болары сөзсіз.   

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы