389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық шаруалар мал азығын дайындауға кірісті

  • 783
  • UPD: 15:51, 18.06.2017

Биыл жоңышқа шығымы да жаман емес. Қазір гектарына 50 цетнерден түсуде. Көпжылдық шөптесін өсімдік тауарлы-сүт фермалары үшін аса маңызды. Өйткені сүттің қоры жем-шөптің сапасына тікелей байланысты.

Бұл өткен жылғы сүрлем. Қазір нағыз бабына келген кезі. Оның құрамындағы нәрлі заттар сүттің көлемі мен дәміне оң әсерін береді. Үштерек тауарлы-сүт фермасында мәйекті мал азығын дайындауға барлық агротехникалық шаралар қолданылады. Өсімдіктің гүлдеген сәтін жіберіп алмаудың да маңызы зор.

Жәнгір Құдабай, тауарлы-сүт фермасының агрономы:

-Біз мол өнім алу үшін  алқаптарды суарып отырамыз. Гүлдемей тұрып  шабылған шөптің сапасы жоғары болады. Осының арқасында мәйекті мал азығын дайындаймыз.

Шабылған жоңышқа қышқыл бактериялармен өңделеді. Заманауи ауылшаруашылық техникалар пайдалы қоспаны көпжылдық шөптерге шашады. Одан кейін тығыздалған жасыл желек жоғары сапалы сүрлемге айналады. 

Жәнгір Құдабай, тауарлы-сүт фермасының агрономы:

-Қышқыл  бактериялар шөптің жақсы сақталуына мүмкіндік береді. Ауа өткізуге болмайды. Ол үшін біз үш бірдей техника бірлігін пайдаланамыз. Екі ауыр техника тығыздайды. Жүк тиегіш техника тегістейді.

Сүрлемнің ашу процесі арнайы құрылғының көмегімен анықталады. Температурасы 36 градустан аспауы керек. Барлық параметрлерге сай келген кезде ғана малға беріледі. Әсіресе жас төлдің тез жетілуіне сүрлемнің пайдасы мол  екен. Тауарлы-сүт фермасы Бавариядан әкелген симменталь тұқымды сауын сиырлар биыл алғаш төлдеді. Он  айлық бұқалардың салмағы 400 келіге жеткен. Мамандардың айтуынша, бұл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға таптырмас генетикалық материал.

Арман Нұржанов, тауарлы-сүт фермасының директоры:

-Біз асыл тұқымды малдың төлін алып отырмыз. Менің ойымша, олар өздерінің сапасын жоймайды. Егер малдың азығы дұрыс болса, жылдам салмақ қосады. Яғни мол өнім алуға болады.

Шаруашылық мал сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр.  Жергілікті фермерлермен тәжірибе алмасып, генетикалық материалмен бөлісуге даяр. Аймақта ірі-қара тұқымын асылдандыруға бетбұрыс бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельнийкий

Хабар 24 телеарнасы