388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылды

  • 516
  • UPD: 16:28, 26.06.2017

Қостанайдың УК 161/2 қатаң режимдегі мекемесінде екі бірдей цех ашылды. Соның арқасында 20 жазасын өтеуші жұмысқа орналасты.

Әйтсе де облыста темір тордың ар жағында 4 мың шаршы метрлік өндірістік алаң бос тұр. Құзырлы орындар оларды кәсіпкерлерге пайдалануға беруге ынталы. Бұл үшін арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.

Абылай Мауданов, тілші:

Мәлік Боранбаевтың жаза басып, темір торға қамалғанына төртінші жыл. Оқуын аяқтап үлгермеген колледж студенті мамандықты түрмеде жүріп меңгерді. Ол мекеме жанынан жақында жиһаз цехы ашылғанда, жұмысқа орналасуға алғашқы боп өтініш білдірді. Жаңа кәсіпке жылдам үйренді.

Мәлік Боранбаев, жазасын өтеуші:

– Мектепке жиһаз істеп жатырмыз. Компьютерлік стол, жалақы аламыз. Көмектесіп, бірге істеп жатырмыз. Қарызымыз төленіп жатыр, уақыт тез өтеді жұмыс істеген кезде.

Жиһаз цехының жылына 60 млн теңгенің тапсырысын орындауға қуаты жетеді. Мұнда Мәлікпен тағдырлас он адам еңбекпен қамтылған. Ал таяуда іске қосылған тастөсеніштер шығаратын цехта да осынша жазасын өтеуші екі қолға бір күрек тапты. Екі ауысыммен істейтін нысанда тағы 4 адам жұмысқа орналастырылмақ.

Нұрболат Мусин, облыстық ҚАЖД басшысының орынбасары:

– Залал келтірген сотталғандарды жұмысқа орналастыру - бірінші мақсат. Екінші мақсат -  сотталғандарды еңбекпен ғана қамтамасыз ету ғана емес, оларды оқытып, білімді қылып шығару. Сотталғандарды еңбекпен қамтитын тағы бір себебіміз - олардың стажы жүріп жататын болады. Ертеңгі зейнетке шыққан кезде осы бастан зейнетақы қорын жинауына болады.

Қазір бұл мекемеде 15 заңды тұлға кәсібін ашқан. Сотталғандардың қолынан шыққан сан түрлі бұйымдар сапасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ мұнда жұмыс күші арзан. Өндірістік нысандарды тегін беру жағы да қарастырылған. 

Елдос Рахаделов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

– Бір жағынан мемлекет, бір жағынан РГП «Еңбек», үшінші жағынан кәсіпкерлер келісімшарт арқылы аренда төлемінсіз жұмыс істей алады осында.

Абылай Мауданов, тілші:

– Ең басты мақсат – жазалау емес, сотталғандарды өмірге бейімдеу. Ал оның бірден бір жолы еңбек. Облыс аумағында жазасын өтеушілердің 70 пайызын еңбекке орнастыру жоспарда.

 Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы