378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да әлеуметтік мәселелер шешімін табады

  • 506
  • UPD: 07:26, 02.07.2017

«Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп жүрген 54 мың адамның зейнетақы жарнасы төленбеген.

Олардың қорына шамамен 600 млн теңгеден астам ақша аударылмай отыр». Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы мәлімдеді. Тамара Дүйсенова бастаған мамандар басқа да мәселелерді көтеріп, тұрғындарға әлеуметтік реформалар туралы айтып берді.

Жадыра Асылбекова – оңтүстіктен солтүстікке көшіп келгендердің бірі. Отбасына қала іргесіндегі Бескөл ауылынан 3 бөлмелі пәтер берілді. Енді олар осында ауылдастарын шақырып жатыр.

Жадыра Асылбекова, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Жақсы қарсы алды. Осында үй, жұмыс бар деп айтты. Күйеуім оқуға тапсырды колледжге. Ал өзім әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеймін.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 75 отбасы көшіп келді. Барлығы баспаналы болып, жұмыспен қамтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы жұмыс берушілермен де кездесіп, Еңбек кодексін түсіндірді.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР ЕХӘҚ министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Көбінесе жұмыс беруші әлеуметтік жағдайдан қашады. Солардың барлығын төлемес үшін ол жұмысшымен еңбек шартына отырмайды. Сондықтан біз осында жүріп жұмысшыларға насихаттап жатқанымыз – бір күн жұмыс істесең де еңбек шартымен жұмыс істе.

Кейбір жұмыс беруші мен жұмысшылар келісімшартқа отырмайды. Соның салдарынан Солтүстік Қазақстан облысында 54 мың адамның зейнетақы жарнасы төленбеген. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бірінші жұмыс берушілерді шақырып, оларға түсіндіреміз. Азаматтардың неге зейнетақы жарнасы жоқ? Еңбек ақысын төлей алмай жатыр ма? Яки болмаса қателесіп төлей алмады ма? Соның бәрін анықтаймыз. Егер олай болатын болса, уақыт береміз. Ал егер уақтылы төлмемейтін қызметкерлер болса, оған қажетті тәртіптік шаралар қолданылатын болады.

1 шілдеден бастап жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жарнасын төлей бастады. Жиын барысында осы жүйе де талқыланып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы