EXPO көрмесіне келген нидерландтық саяхатшылар Сыр өңіріне ат басын бұрды

«ЭКСПО - 2017» көрмесін тамашалауға келген нидерландтық саяхатшылар Сыр өңіріне ат басын бұрды.

Еуропалық делегацияны Голландияның тұңғыш ғарышкері Андре Кейперс бастап келді. Туристер туған өлкеміздің бай тарихы мен салт-дәстүріне ерекше қызығушылық танытты. Голландиялық ғарышкер Андре Кейперс үшін Қармақшы қасиет қонған өлке. Ол 2004 жылы Байқоңырдан ғарышқа ұшқан Нидерланд елі тарихындағы тұңғыш ғарышкер атанды. Одан кейін араға 7 жыл салып, 2011 жылы ғарыш кеңістігінде 203 тәулік 15 сағат уақыт болып, аспан әлеміндегі ең ұзақ зерттеулердің біріне қатысқан маман ретінде тіркелді. Аспан қақпасы - Байқоңырды аралап келген меймандар Қорқыт ата кешеніндегі этноауылға да соқты. Күмбірлете күй төгілтіп, атырапты әуезді әнге бөлеген өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Жалпы этноауыл ашылғалы бері мұнда тоғыз елден 1 мың 300-ге жуық турист келген.

Андре Кейперс, ғарышкер (Голландия):

– Мұн үшін бұл жер ерекше ыстық. Өйткені менің айға аттанған сапарым осы Байқоңырдан басталды. Ұшырылымға келгенде ауылдарды аралай алмайтынымыз белгілі. Ал бұл жолы мен Қазақстанға арнайы келдім. Сіздердің ЭКСПО көрмесін өткізулеріңіздің өзі үлкен мәртебе. Және оны жоғары деңгейде атқарып жатырсыздар. Бүгінде ерекше әсер алдым. Қазақтың тарихы өте бай екен.