383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада 775 жас сарбаз Отанға ант берді

  • 707
  • UPD: 15:21, 10.07.2017

Астана тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауынгерлер саны артты. Бүгін Ұлттық ұланының 55/73 әскери бөлімінде 775 жас сарбаз Отан алдында ант қабылдады.

Олар әскери өмір тәртібіне дағдыланып, шілде айының соңында қала көшелерінің тыныштығын күзетуге кіріседі. Жас сарбаздарға бүгін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы, ардагерлер мен туған-туыстары ақ жол тіледі. Салтанатты шара құрмет қарауыл ротасының мерекелік нөмірімен жалғасып, шағын концертке ұласты.

Сәкентай Шекарбеков, ҚР Ұлттық Ұланының №5573 әскери бөлімінің командирі:

– Оларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Астанада өтіп жатқан EXPO-2017 көрмесі мен басқа да маңызды шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Бұл міндет, әрине, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен жас жауынгерлердің барлық ұландары сияқты осы тапсырмаларын абыроймен атқарып шығатынына сенемін.

Бахтияр Қазанбаев, жас сарбаз:

– Мен Павлодар облысы Ақсу қаласынан осы елордаға келіп, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қатарына қосылғаныма өте қуаныштымын. Себебі, біздің шақырылым халықаралық EXPO-2017 көрмесінің қауіпсіздігін қорғауға қатысады. Еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар бізге назар аударып, бағаларын береді. Сондықтан бізге жүктелген міндетті біз мінсіз атқаруымыз керек. Жалпы осы 55/73 әскери бөлімінде борышты сәтті өткеру үшін барлық жағдай жасалғанын айтқым келіп тұр. Осындай үлкен құрамда қызмет ету, еліміздің әр түкпірінен достар табуға зор мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы