386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде әйнек өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылды

  • 831
  • UPD: 20:40, 17.07.2017

Ақтөбеде жылу сақтаушы әйнек пакеттерін шығаратын зауыт толығымен іске қосылды.

3 жыл бұрын «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасымен ашылған жаңа цех заманауи қондырғылармен жабдықталған. Өңірдегі құрылыс компаниялары енді отандық өнімді пайдаланып отыр. Ірі зауытта әйнектен бөлек, металл жабындыларын да жасайтын цех бар. Жылына 600 мың шаршы метр өнім сатылымға шығарылады.

Зауыт энергия үнемдейтін, ыстық пен суыққа төзімді әйнек пакеттің бірнеше түрін шығарады. 5 жылға дейін сыр бермейтін сапалы өнімге сұраныс жоғары. Бір маусымда 700 дана әйнек пакеті дайындалады. Германиядан әкелінген заманауи желіде небәрі 8 адам жұмыс жасайды. Себебі қондырғылар толықтай автоматтандырылған. Әйнек жасауға қажетті шикізатты Ресейден тасымалдап отыр. Есесіне дайын өнімнің бағасы қолжетімді.

Николай Стефанишин, зауыт директоры:

- Әйнек пакеттерін дайындауға қажетті өңделмеген әйнектердің көлемі 6 метрге дейін жетеді. Ресейдегі әйнек зауыттарынан арнайы көлікпен әкелеміз. Бұрын мұндай көлемді шикізатты тасымалдау мүмкін болмады. Цехты жаңғыртып, жаңа желі орнатқаннан кейін, кез-келген көлемдегі әйнекті өңдей аламыз.

Облыста пластик терезелер жасайтын 200-ден астам ұсақ цех бар екен. Олардың көбі әйнекті осы зауыттан алып отыр. Мұнда тапсырыс бойынша әйнекті қиып, жеткізіп береді. Мына шағын кәсіпорын зауытпен әріптестік орнатқан. Цехта жасалған дайын өнім Астана қаласына жөнелтіледі.

Аркадий Яковлев, цех директоры:

- EXPO қалашығына қарсы орналасқан шағын аудандағы үйлерге біздің терезелерді пайдаланып жатыр. Неміс технологиясы бойынша өте сапалы терезе дайындаймыз. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Өнімге 5 -тен 10 -жылға дейін кепілдік береміз. Жергілікті зауыт әйнекпен қамтамасыз етіп отыр.

Зауытта жылына 600 мың шаршы метр металл жабындылары жасалады. Төзімділігі жоғары жабындының 20-дан астам түрі бар. Жергілікті құрылыс компаниялары бұл материалды осы зауыттан алады. Тұрақты серіктестері де бар. Металл жабынды жасауға қажетті шикізаттың біраз бөлігін Теміртаудан тасымалдайды. Яғни отандық шикізаттан отандық өнім дайындалады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы