386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде айтулы шара аясында тігілген киіз үйлерге Германия туристері қызықты

  • 920
  • UPD: 13:05, 19.07.2017

Тереңнен тамыр тартып, тарихы тасқа басылған өлке - Павлодар облысының Май ауданында ашық аспан астында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Туған жердің өткені мен бүгінін зерттеп-зерделеп, тарихи тың деректер жинауды мақсат еткен шара осы ауданда туып-өскен азаматтардың басын қосты. Түлектердің дені қазір басқа өңірлерде тұрады. Осылайша жалпыұлттық патриотизмнің өзегі болған «Туған жер» бағдарламасына Ертіс өңірі қызу қолдау көрсетіп жатыр. Қазақ даласында өтіп жатқан думанды  Германиялық мототуристер де  тамашалады.

Неміс туристерін қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер қызықтырыпты. Өздерін құшақ жая қарсы алған кеңпейіл қазақ жұртының достық көңілін жатсынбады. Шүйіркелесіп, амандық-саулық сұрасты. Астанадан алған әсерлерін ортаға салып, еліміздің қазіргі болмысына өз бағаларын берді. 

Беттина Узенер, саяхатшы:

- Біз Астана және Көкшетау қалаларында болдық. Жергілікті тұрғындар жол бойы күтіп алып шығарып салып жатыр. Қазақстан ақжарқын халқы бар өте үлкен ел екен. Осындай үлкен мерекеге кездейсоқ тап болдық. Бізге оның маңызын түсіндірді. Қазақтар туған жерін құрметтейтін, отанын сүйетін керемет ел екен.

Май ауданынан елімізге танымал көптеген қоғам қайраткерлері шыққан. Солардың қатарында Абайдың ізін жалғаған ақын Бәстеми Айтқожаұлы және атақты ғалым, қазақ философия мектебінің негізін қалаған профессор Жабайхан Әбділдин бар. Бұл өлке ерекше тарихымен де танымал.

Қайрат Баттал, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бұл негізінен қазақ тағдырында шешулі сәттердің бірі, оқиғалардың орын алған мекені. Кешегі қалмақ қырғанды айтатын болсақ, бұл бүкіл Сарыарқа үшін қазақ пен қалмақ арасындағы таласта шешуші шайқас болған жер.

Конференцияға қатысқан ғалымдар тарихы тереңге кеткен Май ауданы туралы баяндамалар жасады. Өлкенің киелі орындарын зерттейтін арнайы экспедиция құрылып жатқанын жеткізді.

Айман Зейнулина, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Найзадан бұрын сөзбен тоқтатқан осының дәлелі ретінде білесіздер Малайсары Тархан, Қазыбек би, Қазанғап, басқа да жыраулардың кездері бүгінге дәл келіп отыр. Сондықтан біз Май еліндегі жұртшылыққа кешегі елдің тарихиы мен болашақ рухани жаңғыруына біраз жоспарлар жасап кеттік.

Ардақ Қаңтарбаев, Май ауданының әкімі:

-«Осы жерде кіндік қаны тамған, осы жерде өсіп өнген  осы жерде еңбек етіп, экономикалық, әлеуметтік дамуына ауданның кезінде үлесін қосқан, осы жердің нәрін алған тәлім-тәрбиесін көрген азаматтардың бәрінің басын қосып, отансүйгішік сезімдерін оятып бір қауышып қалу» деген ой біздікі.

Жиналған қауым назарына «Малайсары Тархан» қойылымы ұсынылды. Меймандар ұлттық ойындармен бірге ат жарысын да тамашалады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы