А.Есімов Ұлыбританияның Сауда және инвестициялар министрімен кездесті

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов Ұлыбританияның Сауда және инвестициялар министрі Грег Хэндспен, сондай-ақ ұлттық секция комиссары Чарльз Хендримен кездесті.

Тараптар басқосуда екі елдің қарым-қатынасы, баламалы энергетика мәселелері мен британ павильоны жайында әңгіме өрбітті.

Ұлыбритания баламалы энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі. Сондықтан ағылшындардың павильонына қызығушылық жоғары. Бүгінде мұнда 1 жарым миллион көрермен кіріп-шыққан. Кездесу барысында Грег Хэндс Астанадағы ЭКСПО көрмесінің жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

ЭКСПО көрмесіне барлығы 1 миллион 300 мың адам келді. Бастапқыда 2 миллион қонақ бас сұғады деп жоспарлағанбыз. Жұрттың халықаралық шараға деген қызығушылығын ескере отырып, бұл көрсеткішке қол жеткіземіз деген ой бар. Қатысушы елдердің басым бөлігі шараға жақсы дайындалыпты. Павильондарда көптеген баламалы инновациялық жоба көрсетілген.