388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл СҚО-да бірнеше өндіріс ошағы ашылады

  • 525
  • UPD: 14:40, 20.07.2017
Биыл СҚО-да бірнеше өндіріс ошағы ашылады

Жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында тез әзірленетін тағамдар зауыты мен құрылыс панельдерін жасайтын өндіріс ошағы ашылады.

Барлығы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасымен іске қосылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық берілмек.

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл елді мекеніндегі мал сою бекеті өткен жылы мемлекет қолдауының арқасында бой түзеген еді. Қазір тәулігіне мұнда 100-ге тарта мал сойылып, жіліктеледі. Әзірге шикізат көршілес Ресей еліне экспортталуда. Енді оны осы жерде өңдеу жоспарланып отыр.

Шоми Исаков, жеке кәсіпкер:

Өткен жылдың соңында біз 326 млн теңге несие алдық. Ол қаражатқа шұжық цехын тұрғызып жатырмыз. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 70 пайызға атқарылды. Мұнымен қоса Германиядан соңғы үлгідегі қондырғыларды сатып алдық. Енді 2-3 айдың көлемінде кәсіпорынды іске қосуды көздеп отырмыз.

Бүгінде мұнда 30 адам еңбек етеді. Жаңа ет өңдеу цехы пайдалануға берілсе, тағы 20-дан астам ауыл тұрғыны жұмысқа тартылатын болады. Ал дайын өнім Қытай мен Иранға тасымалдануы мүмкін. Кәсіпкер қазір бұл бағытта келісім жасасуда.

Жеңіс Асанов, облыстық индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста сегіз инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл кәсіпорындардың барлығы да өз өнімдерін шетелге экспорттайтын болады. Солтүстік Қазақстан аграрлы аймақ. Сондықтан кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бет бұрып отыр.

Жалпы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік кәсіпкерлерді қолдау картасына 36 жоба енген. Олардың жалпы құны 67 млрд теңгені құрап отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы