387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі жиһаз фабрикасы заман талабына сай жаңғырды

  • 1146
  • UPD: 07:56, 21.07.2017

Ақтөбедегі жиһаз шығаратын кәсіпорын заман талабына сай жаңғырып, жаңа жобаларды іске асырып келеді.

Қазір кәсіпорын жиһаздың заманауи жетілдірілген түрлерін шығара бастаған. Енді елімізде өтіп жатқан халықаралық EXPO көрмесіне қатысуға жолдама алды. Себебі экологиялық таза жиһаз өңірлік «Үздік тауарлар» байқауында жүлделі орынға ие болған еді.

Фабриканың тапсырыс азайып, тұралап қалған кезі де болды. Бірақ жұмысын тоқтатпады. Керісінше, цехты жабдықтап, жиһаздың дизайнын жаңартты. Қазір кеңсе мен үй жиһазының барлық түрін шығарады. Дизайнер-мамандар тапсырыс берушінің ойындағысын дөп басып, көңілінен шығуға тырысады. Заман талабына қарай, тұтынушылардың да талғамы өзгергенін айтады. Көрші облыстардан келіп, тапсырыс берушілер де көбейген.

Мәндібай Мақтаев, фабрика директоры:

- Атырау облысы, Миялы ауданынан келіп, 90-нан артық партия жасап бердік. Тек парта емес, компьютерлік, ер балалардың, қыз балалардың қабинеті бар, соның бәрін орындадық. Бұл тек басқа облысты айтып тұрғаным.

Жиһаз жасайтын шикізатты алыс-жақын шет елдерден алдырады. Дайын өнімнің бағасы қолданылған материалына қарай белгіленеді. Дегенмен сырттан келетін жиһаздармен салыстырғанда едәуір арзанға шығады. Фабрикада 30 адам тұрақты еңбек етеді. Олардың арасында 6 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандар өзегелермен бірдей еңбектенеді. Қазір олар мектеп жиһаздарын жасап жатыр.

Қартбай Нарегеев, өндіріс басшысы:

- Жаз маусымында мектеп жиһаздарына тапсырыс көп болады. №15 мектепке 30 парта жасап жатырмыз. Тұрақты тұтынушыларымыз көп. Барлығы да өнімнің сапасына риза. Германиядан әкелінген желіде сапалы жиһаз жасаймыз.

«Жаңа баспанаға ие болған жас отбасылардың көбі жергілікті өнімге тапсырыс береді», – дейді фабрика басшылары. Бағасы тиімді әрі қалаған үлгіні жасап береді. Фабрика болашақта тек батыс өңірі емес, ел нарығына шығуды көздейді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы