385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік цех өніміне сұраныс артып келеді

  • 994
  • UPD: 12:03, 22.07.2017

Ақтөбенің «Халал» шұжығы көрші облыстарға шығарыла бастады. Кәсіпкер халал стандартына көшу үшін қондырғыларын жаңартып, өндіріс технологиясын жетілдірді.

Шағын цехта тәулігіне 3 тонна шұжық дайындалады. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен ашылған кәсіпорын өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкер Райхан Сәулебаева кабинетте отырмайды. Күні бойы цехта жұмысшылармен қатар жүреді. Еңбекқор әйелдің айтуынша, кәсіпті дамыту үшін көп жұмыс жасау керек. Шұжық цехын ашуға кәсіпкерлікті қолдау қоры көмек берген. 14 пайызбен алған несиесінің 7 пайызын мемлекет субсидиялаған. Отандық өнімге сұраныс бар. Дегенмен «Ресейден келетін шұжық өнімдерімен бәсекелесу оңай емес», дейді.

Райхан Сәулебаева, кәсіпкер:

– Үйреніп қалған, бәрі өздері білетін Ресейдің өнімін сатқанды жақсы көреді. Кейбір ірі супермаркеттер бағдарламаға кірмейтін болған соң бізді кіргізбейді. Қалада дүкендердің тек 20 пайызын қамтып отырған шығармыз.

Шұжық дайындайтын етті қала маңындағы шаруа қожалықтарынан алады. Шикізатпен тұрақты қамтамасыз етіп отырған шаруалар да халал технологиясын меңгеріп алған. Дайын өнімді коммуналдық базарлар мен шағын дүкендерге шығарады. Тұрақты тұтынушылары да бар. 100 пайыз отандық шикізаттан жергілікті жерде дайындалатын шұжықтың бағасы да арзан. Әркімнің талғамына қарай өнімнің 25 түрі шығарылады.

Қайырхан Ешмұханов, қала тұрғыны:

– Шұжықты аламыз, дәмді. Ақтөбеден шығатын өнім ғой. Істеп жатқан кәсіпкерлердің өнімдері жақсы.

Шағын цехтың өнімі көршілес Ақтау және Атырау облыстарына шығарыла бастады. «Кәсібім өркендесе, өзге өңірлердің нарығына да шығуға дайынмын», – дейді кәсіпкер.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағұлова 

Хабар 24 телеарнасы