386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда көлікті қайта өңдейтін зауыт іске қосылды

  • 725
  • UPD: 20:37, 26.07.2017

Қарағандыда ескі автокөліктерді қайта өңдейтін зауыт іске қосылды.

Жаңа кәсіпорын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Істен шыққан көліктерді өңдейтін зауыттың Орталық Азияда теңдесі жоқ. Қазақстанда қайта өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі. Жаңа кәсіпорын Индустрия және цифрландыру талаптарына жауап беретін заманауи италиялық қондырғылармен жабдықталған. Бұл құрылғылар бір сағатта 20 автокөлікті металға айналдырып шығарады.

Ғани Сәдібеков, ҚР Энергетика вице-министрі:

Автокөліктерде негізінде қара металл шығады. Сол қара металды Қарағандының өзіндегі металлургия комбинаттары шикізат ретінде қабылдап алып, ақша төлеуге дайын деп есептейміз.

Ескі автокөліктерді өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы осы жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Екінші кезең аясында пиролиздеу құрылғыларын орнатып, өңдеу мүмкіндігін 98 пайызға дейін жеткізу көзделген. Айта кету керек, зауыт бір жыл ішінде еліміздің 17 аймағынан 30 мыңға жуық ескі көліктерді қабылдап үлгерді.

Алмас Айдаров, облыс әкімінің орынбасары:

– Егер машинаңыздың толықтай комплектациясы болса, 150 мың теңге, егер бір комплектациясы толық болмаса, 48 мың теңге. Ал егер ақшалай алмай, сертификат алам десеңіз, жеңіл машиналарға сертификат 350 мыңнан басталады. Ал ауыр көліктерге 650 мыңға дейін барады. Ол сертификатпен жаңа машина алғанда осы баға сізге жеңілдік ретінде болады.

Қалдықтан алынған түсті және қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту кәсіпорнына жеткізіледі. Осылайша экономиканың өзара байланысты салалары арасында мультипликативті ықпалы арта түспек. Кәсіпорын жылына 50 мың көлікті қабылдап ала алады. Жобаның жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрады. Жаңа зауытта 70-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков, Аслан Демейсбаев

Хабар 24 телеарнасы